Қазақстанда жаттықтырушылардың жалақысы өседі

19 сәуір, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазақстанда жаттықтырушылардың кәсіби білігін арттыруды ынталандыру үшін олардың жалақысы көтеріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, 2020 жылдан бастап спорттық бағыттағы педагог қызметкерлердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп отырды. Бұл өсім 2024 жылға қарай 100%-ға жетті. Бұл – 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауда берілген тапсырмаларды орындау аясында жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап дене шынықтыру және спорт саласы қызметкерлерінің – жаттықтырушылар, әдіскерлер, нұсқаушылар және т.б. мамандардың – базалық еңбекақысы да 4 жылдық кезең ішінде тұрақты өсіп келеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетті.

Бұдан бөлек, жаттықтырушы-педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға ынталандыру мақсатында қосымша үстемақы енгізу жұмысы басталды. Атап айтқанда, ұлттық стандарттарға сай оқу-жаттығу процесін жүргізіп, арнайы біліктілік тестінен өткен жаттықтырушыларға 2026 жылдан бастап ай сайынғы лауазымдық жалақысының 30%-ы көлемінде қосымша ақы төлеу көзделіп отыр.