Ереванда Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды

Бүгін, 17:56 / Нұрлан Әлинұр
Фото: gov.kz

Арменияда өтіп жатқан Қазақстанның мәдени күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды, деп хабарлайды мәдениет және ақпарат министрлігі.

Саябақтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Аида Балаева Армения билігіне және жобаның жүзеге асуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Республикасына ресми сапары аясында Астана қаласындағы бір көшеге армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоц есімін беру туралы екіжақты келісім жасалғаны белгілі. Бүгін біз сол келісімнің, достық пен тығыз мәдени байланыстардың айқын көрінісіне айналғанын көріп отырмыз", – деді мәдениет және ақпарат министрі.

Айта кетейік, Абайға арналған ескерткіштер, бюсттер мен мемориалдық тақталар әлемнің ондаған елінде – Босния және Герцеговина, Германия, Грузия, Иран, Корея, Қытай, Қырғызстан, Венгрия, Египет, Өзбекстан, Румыния, Түркия, Түрікменстан, Франция, Швейцария және Татарстанда (Ресей) орнатылған.