Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі маңызды мәлімдеме жасады

19 сәуір, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Фото: kz_in_usa

Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі Америка Құрама Штаттарында тұрып жатқан Қазақстан азаматтары үшін маңызды хабарландыру жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Құрметті Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан азаматтары! АҚШ билігі депортациялау туралы сот шешімін алса да, елге қайтпай жүрген шетелдік азаматтарға CBP Home мобильді қосымшасын пайдалану арқылы мүмкіндігінше қысқа мерзімде өз еркімен елдеріне оралуға шақырып отырғанына назар аударамыз", - деп жазды елшілік Instagram парақшасында.

CBP Home мобильді қосымшасы арқылы өз еліне қайтатын азаматтарға мынадай мүмкіндіктер берілмек:

Азаматтың өзі қалаған рейспен ерікті және қауіпсіз түрде елге оралу мүмкіндігі бар;

АҚШ-та жұмыс жасап, тапқан қаражаты азаматтың өзінде қалады;

Құзырлы органдар тарапынан қамауға алынбайды және мәжбүрлі депортациясыз өз еліне оралады;

Әуе билетін сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға қаржылай субсидия алу мүмкіндігі беріледі;

Болашақта заңды түрде АҚШ-қа қайта келу құқығына ие болады.

Өз еркімен елдеріне қайтпаған жағдайда мынадай шаралар қолдану жоспарланып отыр:

Жедел түрде депортациялау. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің (DHS) қызметкерлері ешбір дайындықсыз, азаматтарды жедел түрде қамауға алатын болады;

Айыппұлдар мен санкциялар. Егер азамат депортация шешімі бола тұрып, еліне қайтпаған болса оған тәулігіне 998 АҚШ долларын құрайтын айыппұл салынады. Бұл ретте айыппұл салу ретроспективті түрде, яғни бес жыл бұрын елден кету туралы сот шешімі шыққан азаматтардан өндіріледі (бұл жағдайда айыппұл шамамен 1 миллион долларға дейін баруы мүмкін). Айыппұлды төлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда заңсыз жүрген шетелдіктерге тиесілі жылжымайтын және басқа да мүліктерін мемлекет меншігіне алу тәсілі қарастырылады.

Сонымен қатар CBP Home арқылы қайтатынын аңдатып, еліне оралмаған азаматқа 1000-5000 доллар көлемінде қосымша айыппұл салынады;

АҚШ-қа қайта келуге тыйым салынады. АҚШ аумағына заңды түрде қайта кіру құқығынан көші-қон жүйесі арқылы бас тарту.

Осыған орай, елшілік жағымсыз жағдайлардың алдын алу мақсатында қазақстандық азаматтарды АҚШ билігі ұсынылған мүмкіндікті пайдалануға шақырады.