Алматы облысында «AMANAT» партиясының белсенділері «Көшпенділер қаласы» мен Таңбалы тас шатқалы маңындағы Іле өзенінің бойын тазарту бойынша ауқымды экологиялық акция өткізді. Бір күннің ішінде 30 тоннадан астам қоқыс жиналып, екі жүк көлігімен арнайы полигонға шығарылды. Іс-шараға 600-ге жуық адам – волонтерлер, жергілікті тұрғындар, партия мүшелері және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Өңірдің ең көрікті жерлерінің бірі, ішкі туризмнің танымал нысаны – бүгінде қоқыс үйіндісіне айналған. Пластик бөтелкелер, орамалар, құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қалдықтар бірнеше қабатпен жиналып қалған. Бұған ең алдымен демалушылардың жауапсыздығы және жылдар бойы қалыптасқан бақылаусыздық себеп болып отыр.
Қатысушылардың айтуынша, бір реттік тазалық жұмысы түйткілді толық шешпейді. Сондықтан партия өкілдері туристік аймақтарға арнайы мәртебе беру, контейнерлік қоқыс алаңдарын орнату, бейнебақылау жүйелерін енгізу және санитарлық нормаларды бұзғандарға жауапкершілікті қатаңдату сияқты бірнеше нақты ұсыныс айтты.
«Біз табиғат ластанғаннан кейін емес, оның алдын алу үшін әрекет етуіміз керек. Іле жағасында болып жатқан жағдай – жүйелі әрекетсіздіктің салдары. Демалушылар келіп, артынан тау-тау қалдық қалдырып кетеді. Біздің бұл акциядағы басты мақсатымыз – адамдарға табиғат үшін жауапкершілікті ешкім сырттан келіп арқаламайтынын түсіндіру», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.
«Жастар Рухы» жастар қанатының Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергеновтің айтуынша, волонтерлер бұл аумақты алғаш рет тазалап жатқан жоқ. Өткен жылы да белсенділер осы маңды екі рет тазартып, 10 тоннадан астам қоқыс жинаған. Алайда жүйелі шешімдерсіз еріктілердің еңбегі нәтижесіз болып қала береді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы облысы бойынша 373 елді мекен қамтылған. Жыл басынан бері 38,9 мың түп ағаш отырғызылып, 120-дан астам түсіндіру жұмыстары мен 150 санитарлық тазалық шарасы ұйымдастырылған. Жалпы, бұл шараларға 80 мыңнан астам адам қатысқан.