«Маньяк жасөспірімдерді өлтіріп жүр»: Полиция ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Бүгін, 09:50 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Абай облыстық полиция департаменті мессенджерлерде тарап жатқан маньяк туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

«Абай облысының полиция департаменті мессенджерлерде тарап жатқан, Семей қаласында жасөспірімдерді өлтіріп жүрген маньяк туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейді.

Қазіргі уақытта қала аумағында мұндай оқиғалар тіркелген жоқ. Ақпарат тексеріс барысында расталған жоқ.

Азаматтарды сабыр сақтап, тек құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдардан келіп түсетін ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз», — делінген полицияның Telegram-дағы арнасында жарияланған хабарламада.

Полиция өкілдері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация желілері арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату – айыппұлдан бастап үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын еске салды.