Елімізде зейнеткерлерге 350 мың теңгеден төленуі мүмкін

Бүгін, 09:00 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазақстандықтарға 63 жасқа дейін 50 миллион теңге зейнетақы жинағын жинау керек екенін мәлімдеді. Тек сонда ғана оларға жақсы зейнетақы төленеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл туралы БЖЗҚ-ның басқарушы директоры Мұрат Шәріпов хабарлады. Оның айтуынша, егер Қазақстан тұрғыны осы қорда 50 млн теңге зейнетақы жинағын жинаса, онда болашақта ай сайын 350 мың теңге көлемінде зейнетақы алудан үміттене алады.

Бірақ гәп бар. Қазірдің өзінде бұл 660 доллардай ғана. Ал, шетсіз-шексіз девальвациялар салдарынан болашақта бұл 100 доллардан да аз сомаға айналуы ғажап емес.

Екінші жағынан, Қазақстанда заңмен бекітілген ең төменгі жалақы 85 000 теңге ғана. Егер осынша жалақы алатын азаматтар тамақ ішпей, баспана жалдамай, киім және басқа зат сатып алмай, еш шығын шығармай, сол 85 мың теңгесін БЖЗҚ-қа толық аударып тұрса, соның өзінде 50 миллионды 49 жыл жинауға тура келеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, барлық жұмыс істейтін қазақстандықтардың арасында елдегі орташа жалақыдан да төмен алатын жалдамалы қызметкерлердің үлесі 2023 жылғы 69,2%-дан 2024 жылы 71,1%-ға дейін артып кетті.

Яғни, тұрақты жұмыс істейтін 3,4 миллион еңбеккердің 2,4 миллионы Қазақстандағы номиналды орташа жалақыдан – 403 мың теңгеден аз алатыны анықталды. Егер олар осы 400 мың теңгесін тиын-тебеніне дейін БЖЗҚ-ға аударып тұрса, онда 50 млн жинақ жинауы үшін ең кемі 10 жыл тамақ ішпеуі, киім кимеуі, бір тиын жұмсамауы қажет.

Дегенмен, Ұлттық статбюро республикадағы 1,5 миллион жұмысшының жалақысы 250 мың теңгеге де жетпейтінін мәлімдеді. Олар да осы тапқан-таянғанын шып-шырғасын шығармай, тегіс БЖЗҚ-ға берсе, зейнетақы жинағы 50 миллион теңге межесіне жетуі үшін кем дегенде 17 жыл ақшасыз шыдауға тиіс. Тек сонда ғана қартайғанда бірер жүз долларлық зейнетақыдан дәмелене алады.

Журналистер қазіргі 30 жастағы қазақстандық 63-ке толғанда қандай зейнетақыдан үміттене алатынын сұрастырды. БЖЗҚ-ның басқарушы директоры Мұрат Шәріповтің айтуынша, "мұнда бәрі оңай".  

Нақты жауап беру үшін нақты бір адамның еңбек өтілін, өзі мен жұмыс берушісі ай сайын аударатын зейнетақы жинақтарының көлемін назарға алу керек. Сондықтан БЖЗҚ директоры қазіргі 30-дағы азаматтардың қартайғанда қанша алатыны туралы шамалап айтты.  

"Егер зейнетақы жасына жеткенде, қордағы шотында 5 миллион теңгесі ғана жатса, онда БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемі небары 32 мың теңгені құрайды. Егер адам 50 миллион теңге жинаса, онда зейнетақысы жақсы, 350 мың теңге болады. Мұнда тұрған күрделі, қиын ештеңе жоқ! Зейнетақы қорында жинақталған сома 6,5%-ға көбейтіледі де, одан ай сайынғы зейнетақы шығарылады. Зейнетақыны мемлекет жыл сайын инфляцияға орай 5%-ға индексациялап тұрады", – деді БЖЗҚ директоры.

Ол кейбір адамдардың қорға зейнетақы жарналарын тұрақты аударуға мән бермейтініне шағымданды.

"Болашақ зейнеткерлер өз жинақтарына ғана үміт арта алады. Зейнетақысының көлемі жарналардың сомасы мен тұрақтылығына байланысты болады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың арасында жылына бір-екі жарна аударумен шектелетіні бар. Заң бойынша жарналар ай сайын аударылуға тиіс. Сонда ғана мемлекет жарнаны жұмыс өтілі ретінде есепке алады", – деді Мұрат Шәріпов.

Өз кезегінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өз міндетін абыроймен атқара алмай жүргенін экономистер тілге тиек етеді. 

Қор өз салымшыларының ақшасын көбейте алмай, қалпымен инфляцияға жем қылып отыр. Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың дерегінше, БЖЗҚ активтерінің орташа табыстылығы соңғы 10 жылда бар-жоғы 1,16% ғана болған.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген 1998 жылдан 2025 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде жинақталған инфляция ресми дерек бойынша 837,99%-ға жетті.

Ұлттық банк халықтың зейнетақы жинағын барынша тәуекелді құралдарға инвестициялау арқылы БЖЗҚ-ның табыстылығын 2%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бірақ ҚРҰБ тәуекелді құралдар құбылмалы екенін және қомақты қаржы жоғалтуға соқтыруы мүмкін екенін ескертті. 

Ұлттық банк қазіргі зейнеткерлердің орташа зейнетақысы наурызда 143 622 теңгені құрағанын жеткізді. Алайда оның көбі бюджеттен берілген: соманың 95 963 теңгесі – ынтымақты зейнетақы аталатын бөлігі, тағы 47 659 теңгесі – базалық зейнетақы аталатын компоненті.

Бұл қатарға әзірге қордың төлемі қосылмайды және ол бөлек есептеледі. Онысы мүлдем мардымсыз. 2025 жылдың қаңтарының қорытындысында БЖЗҚ-дан ай сайын төленген төлемнің орташа сомасы небәрі 35 523 теңгені құрады.

Қордағылар әлі күнге атын жасырып жүрген ең бай клиенті ай сайын 993 040 теңге алып тұрады екен. Бірақ меморгандарға шағымданған қазақстандықтардың біразы қордан алатыны 10 мың теңгенің айналасында ғана екеніне қапаланады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2040 жылдан кейін ынтымақты зейнетақы алып тастала бастайтынын ескертті. Сонда зейнетақы тек базалық зейнетақы компонентінен және БЖЗҚ төлемінен ғана тұратын болады.

Сондықтан мамандар қазақстандықтарға БЖЗҚ-ға сеніп қарап отырмай, өз қарттығы үшін қазірден өз бетінше қаржы жинақтай бастауға кеңес береді.

Белгілі экономист, қаржыгер Катерина Борнукова аз зейнетақы түптің түбінде әрбір азаматтың күн тәртібіне шығатынын болжады. Ол күрмеулі мәселеге айналып, күнкөрістің нашарлауына соқтырмауы үшін қарттықтың қамын қазірден ойлаған жөн.

"Халық қарқынды қартаюда, өмір сүру ұзақтығы ұзаруда. Сонымен қатар, бала туу көрсеткіштері жыл сайын құлдырап келеді. Соның кесірінен болашақта жұмыс істейтін тұрғындар саны азая береді. Мұның бәрі зейнетақы жүйесіне жүктеме түсіріп, зейнетақы көлемінің азаюына соқтырады. Сондықтан қазіргі кезде 30-40 жасқа жеткендер бүгіннен бастап қария шағының қамын күйттеп, қосымша жинақ жинауды бастағаны жөн", – деді экономист.

Мысалы, банкте депозит ашып, оған ай сайын 30 мың теңгеден салып отырса және 25 жыл бойы одан бір тиын алмаса, банктің сыйақысын қоспағанның өзінде 9 миллион теңге жиналады. Шау тартқан шақта шалқып өмір сүруге жете қоймас, бірақ ресми зейнетақыға жақсы қосымша болады.

"Ең жақсысы, қарттық кезеңіңізге қазіргі табысыңыздың үштен бірін жинап отырғаныңыз жөн. Бірақ көп нәрсе табысыңыздың көлеміне байланысты. Егер ең төменгі жалақы алсаңыз, оның үштен бірін жинаққа сала алмайсыз, өйткені тамақтан, киімнен, баспана және басқа шығындардан аспайды. Қалай болғанда, өршіл-амбициозды адамдар 30%-ға барынша жақын мақсат белгілегені жөн. Ең дұрысы, қолыңызға жалақыңыз тие сала, оны осы бөлігін бірден депозитке бағыттаңыз", – деді Катерина Борнукова.

Сарапшының айтуынша, америкалықтар орта есеппен 1-2 миллион (орта есеппен 1,6 млн) долларды қарттық шақта рахат өмір сүру үшін жеткілікті жинақ санайды.

АҚШ-та зейнетақы жарналары негізінен бағалы қағаздарға инвестицияланады. Алайда америкалық ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Президент Дональд Трамптың солақай саясаты кесірінен АҚШ тұрғындары 6 триллион долларға дейін жинағынан айрылған.

Биржалардағы акциялардың күрт арзандауы зейнетақы қорларын тақұл-тұқыл етіп, босатып тастады. Тек бір апта ішінде 25 жетекші мемлекеттік және жергілікті зейнетақы қоры төл клиенттерінің 169 миллиард доллар жинағын жоғалтыпты.

Мысалы, акциялардың құны белгіленген сомадан төмен түсіп кетсе, Маржин-колл (margin call) туындап, брокерлер мәмілелерді мәжбүрлі түрде жабады, портфельдегі акцияларды сатып жібереді (Stop Out). Бұл клиенттер мүлдем ақшасыз қалмауы үшін жасалады.

Мысалы, Bloomberg жазуынша, АҚШ сауда министрі Говард Лутник 19 наурызда Tesla Inc. әрбір акциясының құны 235 доллардан ешқашан арзан болмайтынын сенімді түрде мәлімдеді. Ізінше Тесланың акциялары 217 долларға дейін құлдырап, мәмілелер жаппай жабылып, қаншама жұрт ұлардай шулап қалды.

Сондықтан зейнетақы жинақтарын қазақстандық Ұлттық банк сияқты "барынша тәуекелді құралдарға" салмас бұрын мықтап ойланып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз.

Айтпақшы, Inbusiness.kz кеше халықтың зейнетақы жинағын басқарушылардың кезекті қисынсыз тірлігіне назар аудартты: Ұлттық банк БЖЗҚ үшін ай сайын 200-250 миллион доллар сатып алуды жоспарлап отыр.

Яғни, долларды девальвация шырқау шегіне жеткенде, АҚШ валютасы 520 межесін бағындырғанда қымбатқа сатып алмақ. Салыстырсақ, былтыр, айталық, 2024 жылғы 7 мамырда 1 доллар 439 теңге тұрды. БЖЗҚ үшін долларды сонда сатып алғанда бағам айырмасынан күреп табыс табатын еді.