Жаңалықтар

Димаштың қытайлық жанкүйерлері жаппай "Абай жолын" оқуға кірісті

ашық дереккөзі

Димаштың қытайлық жанкүйерлері жаппай "Абай жолын" оқуға кірісті

Димаш Құдайбергеновтің қытайлық жанкүйерлері «Абай жолына» жаппай қызығушылық таныта бастады. Бұл туралы әншінің менеджері Алпамыс Шаримов «Егемен Қазақстан» газетіне берген шағын сұхбатында айтты. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Димаш қазақша ән орын­даған соң, қытайлық жанкүйерлердің қазақтың ою-өрнегі мен домбырасына деген қызығушылықтары арта түсті дегені қаншалықты шындыққа сая­ды?

– Рас. Жанкүйерлері Димаш сахнаға киіп шыққан киімді кигісі, оның қолындағы заттарды ұстағысы келеді. Димаш «Дайдидауды» айт­қандағы киімі де ерекше танымал болды. Ол өте сәтті об­разға айналды. Киімді Айман Мұсаходжаеваның ықпалымен Қазақ ұлттық өнер академиясы тігіншілері тігіп берген еді.

Жа­қында Қытайда Димаштың бейнесімен компьютерлік ойындар шыға бастайды. Онда да Димаш көрермендерімен «Дайди­дауды» салған бейнесімен жүздеседі. Қазір Қытайда қазақтың домбырасына ғана емес, барлық ұлттық аспаптарына деген айрықша қызығушылық байқалады. Жанкүйерлер оларды зерттеп, қытай тіліне аударып, жариялап жатыр. Еуропадан да журналистер арнайы хабарласып, сұрастырғандар болды. – Қытай басылымдары Димаш қатысқан жарнамалық шараның көрсетілімі рекорд жасады деп жазыпты. Ол қан­дай шараға қатысқан еді? – Димаш қазір көптеген брендтермен жұмыс жасауда. Шанхайда Димаш қатысқан Swiss пен Ferrari компаниялары ұйымдастырған шараны тікелей эфирден 54 миллионнан аса адам тамашалапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олардың тарихындағы рекордтық көрсеткіш екен. Осы шара барысында Ди­машқа «Сүйікті кітабың қандай?» деген сұрақ қойылды. Димаш «Абай жолы» туралы айтып берді. Содан кейін «Абай жолының» қытай тіліндегі нұсқасының сатылымы да күрт артты. Жанкүйерлер «Димаш оқыған кітапты біз де оқуымыз керек» деп жазып жатыр.