«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сөзі «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты қолға алған «TALQYLAU» диалог алаңындағы кезекті отырыстың өзегіне айналды.
Ұлттық кітап күніне орайластырылған жиынға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, баспа ісінің, кітапханалардың өкілдері, сондай-ақ танымал авторлар мен зерттеушілер қатысты. Олар кітап оқу мәдениетін отандастарымыздың өмір-салтына, күнделікті дағдысына айналдыру жолын талқылады. Кітап оқу мәдениетіне мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде мән беріліп, мектеп кітапханасынан бастап, цифрлық форматқа дейінгі аралықта мазмұнды әңгіме өрбіді.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде елімізде кітап оқу мәдениетін насихаттау мен қолдау ісіне мүдделі тараптар бас қосты. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек кітап оқу мәдениеті – бұл тек жеке таңдау мәселесі ғана емес, қоғамның интеллектуалдық дамуы мен ұлттық бірегейліктің тұрақтылығына тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», деп атап өткенін еске салды.
«Кітап оқу әдетін қалыптастыру – бір адамның ғана жеке шаруасы емес, ұлттық маңызы бар іс. Сондықтан «AMANAT» партиясы кітап оқу экожүйесін нығайту бағытында жұмыс істеуде. Біз авторлар мен баспагерлерге қолдау көрсетіп, кітаптың қолжетімді болуына күш салып келеміз. Бүгінде кітаптар көбінесе ірі қалаларда, мегаполистерде сатылады. Ал кітап бағасы өте қымбат. Кейбіреулерінің үстемеақы мөлшері тіпті 60–100%-ға дейін жетеді. Бұған көбіне ірі дистрибьюторлар кінәлі. Соның салдарынан, кітап – көпшіліктің қолы жете бермейтін дүниеге айналып бара жатыр. Осыған байланысты, біз «Кітап-AMANAT» орталықтарын бүкіл еліміз бойынша, соның ішінде, әсіресе шағын қалалар мен аудан орталықтарында ашып жатырмыз. Осы күні ел аумағында 24 кітап орталығы жұмыс істейді. Онда әдеби кештер, авторлармен кездесулер сынды іс-шаралар ұйымдастырылады, кітаптар нарық бағасынан әлдеқайда арзанға сатылады», – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы.
Сондай-ақ ол «AMANAT» партиясы баспагерлермен, таратушылар қауымдастығымен кітап бағасын төмендету туралы меморандумға қол қойғанын, бұған қоса Жаңа Салық кодексі аясында кітап басып шығару ісін ҚҚС-тан босату туралы ұсыныс жасағанын еске салды. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында берілген уәде орындалып, кітапханашылардың жалақысы көтерілді.
Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мектеп қабырғасындағы кітапханалардың сапасы мен балалардың кітап оқу әдетіне ерекше назар аударды. Депутаттың пікірінше, мәселе тек кітап санында ғана емес, сонымен қатар олардың жас оқырманға мазмұндық жағынан қаншалықты жақын екенінде.
«Мектеп қабырғасындағы кітапханаларда Абайдың 10, Шәкәрімнің 15 томы бар. Әрине, бұл құптарлық жағдай. Алайда балаға онымен өз тілінде сөйлейтін кітап қажет. Ол комикстерді, ертегілерді, фантастиканы, шытырман оқиғаларды іздейді. Оны таппаған жағдайда кітап оқуға деген қызығушылығы да азаяды. Ондай баланы мәжбүрлесеңіз де кітап оқымайды. Ал егер комикс пен ертегіден бастаса – қызығушылық пайда болады. Сол арқылы құндылықтары мен ойлау жүйесі қалыптасады», – деді ол.
Асхат Аймағамбетов мектеп бағдарламасын құрастыру кезінде балаларды оқу үдерісіне үйрететін заманауи балалар әдебиеті мен жанрларына көбірек көңіл бөлу керек екенін жеткізді.
Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым қоғамда кең тараған «кітап оқу кезеңі келмеске кетті» деген пікірге қарамастан, Қазақстанда кітап оқу үдерісі жаңа қарқын алғанын атап өтті.
«Кітапқа деген қызығушылық жоғалып кеткен жоқ. Керісінше, әлеуметтік зерттеулер көрсетіп отырғандай, оң үрдіс бар. Ата-аналардың 35%-ы балаларының өздігінен кітап оқитынын, ал төрттен бір бөлігі бірге отырып оқитынын айтады. Жастар бір-біріне кітап сыйлайды, кітап дүкені жанындағы кофеханаларда оқиды, жаңа кітаптарға қызығады. Бұл – күнделікті өмірімізге кітап құндылығы қайта оралып жатқанының дәлелі. Біздің міндетіміз – қағаз бен цифрлық форматты қарсы қоймай, кітап оқу мәдениетін кез келген форматта дамыту», – деді ол.
Сондай-ақ халық қалаулысы Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш болып жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірлеуді Парламент деңгейінде қолға алған мемлекет екенін айтып, бұл қадам Отанымыздың интеллектуалды көшбасшылыққа деген ұмтылысын дәлелдейтінін жеткізді.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Марат Башимов кітаптың тәрбиелік мәні туралы пікір білдірді.
«Өмірімді кітапсыз елестете алмаймын. Мен үшін бұл жай ғана ақпарат көзі емес, ішкі әлемнің бір бөлігі. Балаларыма кітап оқып беремін, түсіндіремін, айтамын және кітап арқылы олардың қабылдау деңгейі қалай қалыптасып жатқанын байқап отырамын. Интернет оны алмастыра алмайды. Адамзат баласы 18 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан өскелең ұрпақты деструктивті цифрлық контенттен қоғам болып қорғауға міндеттіміз. «AMANAT» партиясының кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға деген қолдауы – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен болашағына қосқан үлесі», – деді ол.
Белгілі ғалым әрі «Центр Азии» журналының бас редакторы Сұлтан Әкімбеков баспа индустриясының қазіргі жағдайы туралы айтып, жүйелі мәселелерді атап өтті.
«Иә, кітапқа, әсіресе қазақ тілінде жарық көрген еңбектерге деген сұраныс артып келеді. Алайда өзекті мәселелер әлі де бар: кітапханалар жаңа басылымдарды сатып алмайды. Себебі олардың бюджеті жоқ. Мемлекеттік кітаптарды бөлшек саудада сатуға болмайды. Бұл шектеу нарықты тығырыққа тіреп тұр. Гранттық жобалар интеллектуалды кеңістігімізден алшақтап, Батысқа бет бұруда. Бізге Эстония немесе Молдова сынды елдердегідей кітап шығаруды және ішкі мазмұнды қолдайтын мемлекеттік бағдарлама қажет. Онсыз толыққанды мәдени экожүйе туралы ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз», – деді сарапшы.
Оқырмандардың рөліне де ерекше назар аударылды. Қатысушылардың пікірінше, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ісіне ата-аналар, мұғалімдер және жастар қауымы да атсалысуы керек. Сондай-ақ талқылау жұмысына: Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Динара Сәдуақасова, Жошы Ұлысын зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов, Сенат Төрағасының кеңесшісі Жұлдызай Ысқақова, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Сейітова, Президенттік орталық директорының орынбасары Серік Сыдықов және өзге де азаматтар қатысты.
Атқарушы хатшы Дәулет Кәрібек отырыс жұмысын қорытындылай келе, «AMANAT» партиясы ағартушылық бағытқа ие басымдықтардың бірі ретінде кітап оқу мәдениетін ілгерілетуді жалғастыра беретінін жеткізді.
Іс-шара аясында қазақстандық заманауи әдебиеттің көрмесі өтіп, онда жас авторлардың жаңа кітаптары, сондай-ақ классикалық әдебиет туындылары ұсынылды. Сонымен қатар «Кітап-AMANAT» жобасының көрнекі стенді ұсынылды.
Еске сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы 2022 жылы 1 наурызда өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасының бір тармағы ретінде ұсынылды. Сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері ел азаматтарын толғандырған өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін «TALQYLAU» диалог алаңында тұрақты түрде бас қосады.