Швейцария мен Германияда жүргізілген зерттеу нәтижесі егде жастағы адамдардың музыкалық дағдыларды игере алатынын көрсетті. Зерттеуге қатысқан 64–76 жас аралығындағы 156 адам бір жыл бойы музыкалық жаттығулар жасады. Бұл жұмыс BMC Geriatrics журналында жарияланды.
Ғалымдар музыкалық қабілет – біртұтас емес, бірнеше бөлек дағдылардан тұратын күрделі жүйе деген қорытындыға келді. Музыкалық ептілікке дыбыс биіктігін ажырату, ырғақты сезіну, аспапты меңгеру техникасы, музыкалық өрнекті жеткізу мен нотаны оқу сынды түрлі қабілеттер кіреді.
Зерттеу аясында қатысушылар екі топқа бөлінді: бірі фортепиано ойнауды үйренгендер болса, екіншісі музыка туралы білім алып, тыңдау арқылы талдау жасағандар болды. Фортепиано тобы аптасына бір рет жұптасып, 60 минуттық сабақтарға қатысса, музыкалық мәдениет тобы теориялық білім алып, талқылау жүргізіп отырды. Екі топ та бір жыл бойы оқуын жалғастырды.
Зерттеу төрт кезеңде жүргізілді: басталғанда, 6 айдан кейін, 12 айдан кейін және сабақтар тоқтаған соң 6 айдан кейін. Қатысушылардың когнитивті және музыкалық қабілеттері түрлі тестілер арқылы өлшенді: Goldsmiths Musical Sophistication Index, Beat Alignment Test, Melodic Discrimination Test, MIDI Scale Analysis, сондай-ақ музыкалық викториналар мен фортепиано жазбалары бағаланды.
Нәтижелер көрсеткендей, әр топ өз бағыты бойынша жетістікке жетті: фортепиано тобы ойнау техникасында (артикуляция мен динамикада) алға жылжыса, музыкалық мәдениет тобы викториналарда жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, когнитивті қабілеті жоғары және музыкаға бейімі бар қатысушылар әуен ажырату тестінде жақсы нәтиже көрсетті.
Маңызды қорытынды: әр түрлі музыкалық қабілеттер өзара тығыз байланысты емес, яғни олар бір ғана ортақ «музыкалық таланттың» көрінісі емес. Бұл егде жаста да адамның жеке музыкалық дағдыларды дамыта алатынын және әр бағыт өзінше машықтануды талап ететінін дәлелдейді.