Қазір ауылда тұратын көпшілік арман қуып, қалада тұрғанды құп көреді. Ал қалада өсіп-өніп, үй-жайы, жақсы жұмысы бола тұра, ауылға көшіп, мал ұстап, фермерлікпен айналысатын қыз-келіншекті кездестіруіңіз екіталай. Ләззат Әбілдинова – қаладан қырға көшіп, кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі. Қаладағы жайлы ортасын қиып, ауылға қоныс аударған ол көп уақыт өтпей үздік өнім әзірлегені үшін бірнеше рет сыйақы да алған. Turkystan.kz сайтының тілшісі Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылына жолдасымен бірге қоныс аударып, мал өсіріп отырған келіншекпен аз-кем тілдескен болатын.
«Қалада өсіп-өндім. 5 сыныпқа дейін Арқалық қаласында, 11 сыныпқа дейін Астанада оқыдым. Мал өсіруден еш хабарым болмады. Жан-жануар ұстап көрмедім. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсіп, қаржыгер мамандығы бойынша білім алдым. Университетте оқып жүрген кезімде, жан жарымды жолықтырып, отбасын құрдық. Екеуміз Астанада он жыл тұрдық. Үйіміз, жұмысымыз болды. Бірақ жолдасым қалада тұрғысы келмеді. Бір күні «Ешкімге тәуелді болмайық, біреуге жұмыс істегенше, өзімізге жұмыс істейік» деді. Қалада бар тапқан ақшаң тамаққа кетеді. Ет, қолдың май-сүтін сатып алсаң да, басқа біреу жасаған соң бәрібір ұнамайды. Бірінің иісі бар, енді бірі таза болмай шығады. Содан өз қолымыздан шыққан таза, табиғи тағамдарды жегеніміз дұрыс болар деп шештік. Сөйтіп қаладағы пәтерімізді жалға беріп, жиған ақшамызға Сабынды ауылынан үй алып, көшіп келдік. Екеуміз ғана тұрамыз. Жолдасым Сабындының іргесінде тұрған ауыл – Кеңбидайықтың тумасы. Ата-енем ауылдан қалаға көшіп кеткен. Біз керісінше өз шешімімізбен қаладан ауылға көшіп келдік. Сабындыны таңдаған себебіміз – ол ауыл жол бойында орналасқан. Астанадан 45 минуттық жерде орналасқан. Сүт өнімдерін, қымызымызды тасымалдауға ыңғайлы», – дейді Ләззат.
Қалада өскен оған бастапқыда ауылдың тұрмысына бой үйрету оңай болмаған көрінеді.
«Өмірімде сиыр сауып көрмеген маған алғашқыда ауылда тұру өте қиын болды. Қазір үйрендік. Адам бәріне үйренеді. Уақыт өте келе ауылда қалай ақша жасауға болатынын көрдім. «Атамекеннен» 6 пайызбен екі миллион теңге алдық. Сол ақшаға мал сатып алдық. Алдымен сиыр, бірте-бірте жылқы сатып алдық. Кейін құс пен қой алдық. Сосын асыл тұқымды мал ала бастадық. Сөйтіп кәсібімізді дамыттық. Сиыр, бие саудық. Сүт, құрт, май, қаймақ, қымыз саттық. Қорғалжын ауданында өткен жарыстарға қатысып, бірнеше рет жүлделі орын алдым. Ең сапалы қымыз менікі болып шықты. Қазір түрлі конкурсқа да қатысып жүрміз. Биені жолдасым сауады, мен күбіні ыстаймын, пісемін. Сауыншылар жоқ. Сиырларды аппаратпен өзім сауамын. Қазір 25-ке жуық сиыр, 40 шақты жылқы, 30 шақты қойымыз бар. Одан бөлек, көктемде балапан сатып алып, өсіріп, күзде сатамыз. Бір ғана ер көмекшіміз бар. Барлық шаруаны сол көмекшіміз, жолдасым үшеуміз істейміз. Жазда шөпті де жолдасым өзі шауып, тасиды. Техникамыз бар. Қазір жағдайымыз жақсы. Бойда күш-қуат тасып тұрған кезде ауылда тұра береміз. Өзімізге ауылда тұрған ұнайды. Таза ауа, табиғи өнім, өзіміздің кәсібіміз. Айта берсең артықшылықтары көп», – дейді фермер келіншек.