Johns Hopkins Medicine жетекшілігімен жүргізілген төрт жылдық ауқымды зерттеу вейп (электронды темекі) қолданудың денсаулыққа қауіпті екенін анық көрсетті. 250 мыңға жуық адамды қамтыған талдау нәтижесі Nicotine and Tobacco Research журналында жарияланды. Зерттеу электронды темекіні «тек қана» қолдану мен созылмалы обструктивті өкпе ауруының (ХОБЛ), сондай-ақ 30 бен 70 жас аралығындағы ересектерде қан қысымының жоғарылауы арасындағы байланысты нақтылай түсті.
Мамандардың айтуынша, кәдімгі шылым мен вейптің екеуі де аурулардың қаупін арттырады. Алайда, денсаулыққа зияны кәдімгі темекіде әлдеқайда жоғары. АҚШ-та электронды темекі шылымнан кейінгі ең жиі қолданылатын темекі өніміне айналған. Ол әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен таралған. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, 2020 жылы вейп қолданушылардың үлесі 3,7% болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 4,5%-ға өскен.
2021 жылы вейп шеккен ересектердің үштен бірі (29,4%) сонымен қатар кәдімгі темекі де тартқан. Электронды темекі көбіне қауіпсіз өнім ретінде жарнамаланса да, кейбір зерттеулер оның буында зиянды органикалық қосылыстар мен никотин деңгейінің жоғары екенін көрсеткен. Никотин – тәуелділік тудыратын және ағзаға қауіпті зат.
Көпжылдық зерттеулер көрсеткендей, жанатын темекіні ұзақ қолдану жүрек талмасы, инсульт, жүрек жетіспеушілігі сынды жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады.
Тек электронды темекі қолданғандарда да ауыр өкпе аурулары, соның ішінде тыныс жолдарының тарылуына әкелетін және өмірге қауіп төндіретін аурулар жиі кездеседі.