Заңғар Есентайұлы: Баянөлгейліктердің сенімін арқалау – жауапты міндет

18 сәуір, 2025 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
сурет: Кейіпкердің өз мұрағатынан

Заңғар Есентайұлы былтыр Моңғолия Премьер-Министрінің үкімімен Баян-Өлгей аймағының әкімі қызметіне тағайындалған болатын. 
Ол бұған дейін екі рет аймақтық азаматтар өкілдері Хуралының депутаты әрі аймақтық Демократиялық партия басшысы болған. Алдағы төрт жылда аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына жауапты әкіммен 93 пайыз қазақ мекен еткен өлкенің ахуалы мен алдағы жоспарлары туралы сұрап білген едік.

Жастар көп жылғы еңбегімді елеп, аймақ әкімі қызметіне ұсынды

Моңғолияда демократиялық қозғалыс басталған тоқсаныншы жылдан бері Демократиялық партия саясатына үздіксіз ара­ласып келемін. Негізгі мамандығым – тарих-қоғамтану саласы, сондай-ақ саясатты зерттеуге көп жылымды сарп еттім. 35 жылға жуық түрлі салада қызмет атқардым. Демок­ра­тиялық партияны да басқардым. Одан бө­лек, бүгінде өркендеп тұрған жеке кәсіп­кер­лікпен де шұғылдандым. Биыл жергілікті сай­лауда Баян-Өлгей аймағында Демок­ра­тиялық партия басым дауысқа ие болды: 41 ман­даттың 23-ін – Демократиялық партия өкіл­дері, ал қалған 18-ін Халық партиясы ал­ды. Көп басымдыққа ие болған біздің пар­тия өз ішінен аймақ әкіміне үміткерді ұсыну құқына ие. Оны Моңғолияның Бас уәлиі, яғни Пре­мьер-министр бекітуге тиіс. Депутаттар арасындағы ең жасы үлкен – менмін. Сон­дықтан жастар мені көп жылғы еңбегім мен тәжірибемді елеп-ескеріп, маған сенім артып, аймақ әкімі қызметіне лайық деп таныды. Мен еш ойланбастан келістім. 
Тоқсаныншы жылдары менімен бірге де­мократиялық қозғалысты бастаған адам­дар­дың көбі о дүниелік болып кетті. Сол көбіміз жү­регімізде «Демократия жеңсе, әділдік ор­на­тамыз» деген мақсатты көздедік. Демок­ра­тия­ның ең басты құндылығы – адам құқығы мен әділдік. Аймақ басшылығы қызметіне кіріс­келі бері осы мақсатты іске асыруды бағыт етіп алдық. Біздің аймақтағы басты мәселе – жұмыссыздық. Бұрын жұмысқа тұру кезінде түрлі олқылық болған. Көбіне биліктегілердің туыстары мен жақтастары қандай да бір жұмыс көзі шықса, жасырын түрде жұмысқа орналастырылған. Мен бұл мәселені жоюды бірден қолға алдым. Қазір барлық мекеме бос жұмыс орындарын жариялайтын арнайы платформа ашылды. Кез келген тұрғын сол жүйе арқылы заңды түрде жұмысқа тұра алады. Сосын сынақтан өту мерзімін енгіздік. Ешкімді жұмысқа бірден алмайды. Сынақтан өту арқылы тұратын жұмыстың комиссия­сына депутаттар мен азаматтық бейресми ұйым­дардың өкілдерін кіргізіп қойдық. Ша­ма-шарқымызға әділетті өтсін деп, бар­лығын бақылап отырмыз. Расын айтқанда бұрын пара беріп, жұмысқа кіру «үрдісі» етек алып кет­кен. Адамдар жұмысқа кіру үшін екі-үш млн теңгеге дейін пара берген. Мұны жоқ қылу­дың барлық амалын жасап жатырмыз. Халық та қолға алған бастамамызды қолдап отыр. Қарсылықтар жоқ емес, әлбетте, алайда алғашқы нәтижелер де бар. Жарты жылда жұмыс іздеп жүрген 12 мың адамды тіркедік. Айта кетерлігі, тұрмысы төмен адамдарды тазалаушы, күзетші секілді жұмыстарға сы­нақтан өткізбей-ақ жұмысқа алу бастамасын көтердік. Содан соң жұмыссыз адамдардың тізімін жасақтадық. Баян-Өлгей аймағының орталығы – Өлгей қаласында 40 000 адам тұра­ды. Әр үйді аралап, алдымен алғаш тір­кеген 100 адамды жұмысқа орналас­тырайық деп шештік. Қарапайым отбасыларға ба­сым­дық бердік. Бұл – тың бастама. Бір күнде ше­шілетін мәселе емес, десе де бірте-бірте де­геніміз іске асады деп сенеміз. 

Үкімет бекіткен бюджетпен жан сақтап келген аймақпыз

Аймақта 2050 жылға дейін стратегиялық да­муға бағытталған жоспар құрастырылған. Алай­да ондағы дүниелер нақты емес, жал­пы­лама баяндалған. Ал біз «Жуық арада, бүгін я ертең қалай өркендейміз?» деген сауалды ор­таға тастап, негізгі бағыттарды анықтап ал­дық. Сөйтіп, бес түрлі жұмысты қолға ал­дық. Біз – Үкімет бекіткен бюджетпен жан сақ­­тап келген аймақпыз. Үкіметке жалтақтай қара­ған жүйені қолданып келдік. Мен жасақ­таған командамның дені – білімді жастар. Олармен ақылдаса келе, бюджеттен тысқары қаражат тауып, ішкі және сыртқы инвестиция тартып, түрлі жоба арқылы өркендейік деген мақсат қойдық. Біздің аймақтың орна­ласуын­да үлкен бір артықшылық бар. Өлкеде туризм­ді кеңінен дамытуға ерекше мүмкіндік бар. 100 шақырым ассақ Ресеймен, 200 шақырым жүрсек Қытаймен шекараласамыз. Біздің іргемізде орналасқан, Қытайдың Шыңжан өлкесіндегі Қанас деген демалыс ай­мағы жылына 30 млн турист қабылдайды екен. Ал бер жағында Ресейдегі ең әсем таби­ғаты бар Таулы Алтай республикасы қазір туризмді дамытуға баса назар аударып жатыр. Біз ол аймақты жолай басып өтеміз. Оның дамып жатқанын көзімізбен көріп жүрміз. Онда 3 млн адамды қабылдай алатын жаңа әуежай салынып жатыр. Осылайша, екі жағымызда туризм жоғары деңгейде дамып жат­қан уақытта біз ортасында тұралап қал­дық. Сондықтан осындай қарқынмен жүргі­зіліп жатқан туристік дамуға ілесу үшін Қытаймен шекараласатын Дайын өлкесінде кеден бекетін салуды жоспарлап отырмыз. Ол бекет салынып, 160 шақырым аспалы жол ашылса, Ресей мен Қытай арасында күре жол түседі. Екі жаққа саяхаттайтын туристер біз арқылы қатынасып, соның есебінен үлкен «толқынға» ілесіп кетеміз деген болжам бар. Сосын көз жауын алатын табиғатымыз ая­сында жаңа демалыс аймағын салмақпыз. Қытайдан Ресейге Моңғолия арқылы көп тауар әкелінеді. Екі ортада көп техника жүреді. Біз сол екі ортаға көлік-логистикалық орталық салмақ ойымыз бар. Қазір біздегі әуежайдан тек ел астанасы Ұлан-Батырға қатынай аламыз. Бір кездері Өскемен мен Алматыға қатынайтын тікелей рейс болған. Ол тоқтап қалды. Халықаралық мәртебесін алу үшін әуежайымызды үлкейту ісі жоспары­мызда тұр. Мұны іске асырсақ, көп шаруа ше­шілетін еді. Ең алдымен, аймағымызға қызы­ғатын туристерге бізге төте келу мүм­кіндігі пайда болады. Екіншіден, мал өнім­дерін тасымалдауға таптырмас мүмкіндік. Баян-Өлгейде 110 мыңға жуық халық тұрады. Олар 2,5 миллионнан астам мал ұстайды. Моңғолия бойынша халал ет әзірлейтін технология бізде. Аймақта 6 ірі ет өндірісі бар. Алдағы уақытта етті араб елдеріне жеткізіп отырсақ деген мақсат бар. Себебі ол жақтан сұраныс көп. Осы жоспарларды қолға алып, Үкімет назарына ұсынуымыз керек. Биыл мау­сымда Үкіметтің кеңейтілген отырысы біздің аймақта өтеді. Моңғолияда жекелей емес, өлкелік даму бағдарламасы іске асады. Бізбен бірге батыс өлкесіне кіретін 5 аймақтан несімен ерекшеленеміз, қайтіп өркендейміз деген мәселені Үкіметке дәлелдеуіміз керек. 
13 ауданды қамтитын біздің өлкедегі ха­лықтың 93 пайызы – қазақтар. Қалғаны – моңғол ағайындар. Жоғары оқу орны, әскерге барғандар болмаса, көбі моңғол тілін нашар біледі. Тек қазақша сөйлейді. Көп жас оқу бітір­ген соң атажұртқа баруға ниетті. Жуықта Қа­зақстаннан 18 ЖОО өкілдері келіп, түлек­тер­мен кездесті. Биыл мектеп бітіретін түлек­тер саны – 1 800. Арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, соның 800-і Қазақстанда білімін жетілдіруге ниет танытса керек. 

Жаңаша ойлайтын жаңа орта қалыптастырмақпыз

Кеше Дүниежүзі қазақтар қауым­дас­тығы өткізген кәсіпкерлер форумына қатыс­тық. Әр елден келген қандас кәсіпкер­лер­мен шүйіркелесіп, тәжірибе алмасып, бірі­гіп не істеуге болатынын талқыладық. Жа­санды емес, жанды форматта өткен маңыз­ды іс-шара болды. Моңғолиядан 13 адам келдік. Арамызда жаңадан сайланған депу­таттар мен кәсіпкерлер бар. Олар да бірі­гіп істеуге мүмкін болатын біраз идеяны пі­сірді деп сенемін. Қазақстанда қандастарға кә­сіп­пен айналысуға жағдай жасайтын жақ­сы бағдарламалар мен жеңілдіктер жетерлік. Мұны біз жақта насихаттауымызға болады екен. Негізі, біз нарықтық экономикаға ерте кіргенбіз. Жетістіктер баршылық, тек адам аз. Моңғолияда 3,5 млн адам тұрады. Бізде жа­салған өнімдерді шетелге шығаруға Ресей кедендеріндегі салық пен бюрократизм бөгет болып тұр. Өткенде біздегі шағын, орта өндірісті Қазақстанға алып келсе жарап тұр екен деп ой түйдім. Бізде шұлық жасайтын, түбіттен сапалы киім тігетін зауыттар бар. Қазақстан тарапы мұны дайын күйде сатып алады. Ал біздегі өндірісті Қазақстанға алып келсе, тауарды арзанға алуға болады. Біздің тұрғындар күнделікті өздері пайдаланатын тұскиіз, киіз үйдің жабдықтарын өздері тігеді. Әлем саяхатшыларын біз жаққа қарай «тар­татын» да осы – ұлттық өнер мен дәстүр. Әсі­ресе, ұлттық тағамымызға қызықпайтын жан жоқ. Байөлкеде әзірленген қазының дәмі ерекше. Мал өнімдерін өңдейтін дәстүрлі техно­ло­гияны да Қазақстанға алып келсе, тиімдірек екен деген ой түйдім. 


Біз сайлауға қатысқанда «Батыл өзгеріс жасаймыз!» деген мақсатты алға тарт­қан едік. Сондықтан әр салада тамырын жай­ған кертартпа, бұрынғы жүйені өзгертейік деп белімізді бекем буып отырмыз. Мен ай­на­лама «Келешекте біз Үкіметке жалтақтап өмір сүретін емес, жасампаз аймақ болайық. Үкіметтен ақша алмай, керісінше елдің өркен­деуіне үлес қосатын аймақ атанайық» дегенді үнемі айтамын. Әрине, бұл – үлкен жүректілік. Бұл – аттандаған жай ұран емес, анық та айқын жоспар. Ол үшін ең алдымен қоғамда әділеттілік принципін қазықтай қадауымыз керек. Көп салада батыл өзгеріс жасауымыз қа­жет. Жаңаша ойлайтын жаңа орта қалып­тастырмақ ойымыз бар. Сондықтан аймақтың дамуына бейжай қарамайтындарға талап қойып жатырмыз. Тіпті, мемлекеттік қызметте жүргендерге де «Сендер үкіметтік жұмыстың шеңберінде қалып қойғансыңдар. Кеңседе отыра бермей, сыртқа шығыңдар. Ізденіңдер. Біздің саясатымызға тың серпін беретін жаңа нәрсе тауып әкеліңдер» деп айтамын. Бұйырса, көздегеніміз іске асып, барлығы біз ойлаған­дай болады деп кәміл сенеміз.

Жазып алған 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

Әкім Қазақ Моңғолия қазақтары Моңғолия Баян-Өлгей Заңғар Есентайұлы баянөлгейліктер