Қазақы кейіпкерлер галереясы

18 сәуір, 2025 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
сурет: syrboyi.kz

Бала кезден Мұқағалидың Қарасазын көруді армандап өстік. «Үйрек ұшып, қаз қонған» Қарасазды көру – өмірдегі бір белесіміз сияқты сезілетін. Қарасаздың «тауы – алтын, тасы – күміс, ағашы – жез» шығар деп қиялдайтынбыз. Сұлу өлең, сырлы саз бізді ақынның тұтас ғұмырына ғашық етті. Ол тыныстаған ауа, ол басқан топырақтың өзгеше құдіреті барына сендік. Бұл мектеп жасындағы баланың сырлы сөз арқылы санасында қалыптасқан пейзаждың – әдеби географиялық картинаның алғашқы суреті еді. Әдеби кітаптарды оқығанда яки қаламгерлер мен танымал адамдардың туған жер туралы сыр-эсселерін парақтағанда, сол жерді көрсек қой дейтін едік. Көрмесек те, көргендей күй кешу әдепкі дүниеге айналды. Көргіміз келетін жер жылдан-жылға үлкейе түсті, қазақ даласынан ары асып, әлемді шарлағымыз келді.  

Жансүгіровтің Жетісуын, Жұмабаев­тың Түркістанын, Аманжоловтың Оралын, Нәжімеденовтің Қошалағын, Мұрат­бековтің жабайы алма өсетін бет­кейін, Оралханның Алтайын, Нұрпейісовтің Аралын, Кекілбаевтың құ­дық толы даласын көруді армандадық. Бұл жерлерге кейіннен өзге үйектердегі қалалар мен өлкелер шо­ғыры қосылды. Маркестің Макондосын, Фолк­нердің Йокнопатофасын, Толстойдың Лесная полянасын, Достоевскийдің Пе­тербургін, Борхестің Буэнос-Айресін, Оэ­нің Токио­сын ойша шолып, орманды ал­қа­бы мен шулы көшелерінің суретін сана қат­парын­да сыздық. Макондоның жер бе­тінде жоқ екеніне илана алмадық. Біз үшін Буэн­диа әулеті жершарының әлде­бір нүктесінде өмір сүріп жатқандай сезіл­ді. Оларда біз секілді жұмыр баста пен­делер екеніне шүбә­сіз иландық. Неге еке­нін білмеймін, Йок­но­патофа маған Ақ­төбе өңірін еске түсіреді. Ақ­төбені көр­месем де, Фолкнердің кейіп­кер­лері сол маңда ғұмыр кешкендей бір тү­сінік­сіз сезім билейді. Мұны әдебиеттің си­қыры, сөздің энергиясы демей көріңіз.
Белгілі қаламгер, ғалым, эссеист Бауыр­­жан Омарұлының «Шеге құм», «Толқын», «Ша­ғала» атты үш кітабын оқып отырып, Арал­мен қайта бір қауыш­тық. Толқыны жағаны ұр­ған, кемелері қаз-қатар тізілген, шаға­ла­лары шаңқыл­даған, тірлігі қыз-қыз қай­нап, балықшы­лар ауларын шұбырта жинап, арқа-жарқа күн кешкен Аралды көз алды­мызға елес­теттік, онда да ежелгі дағдымыз ойға ора­лып, Қаратереңді көргіміз келді.
«Біздің Қаратерең – жұмбағы да, тыл­сымы да көп ауыл». Автордың осы сөзі ауыл кейіпкерлерінің мінезінен анық аңдалады. Маң­дай тері сорғалап еңбек етіп жүрген қа­рапайым адамдардың қал­тарыс-бұл­та­рысы көп тағдырлары ай­шық­та образдарға айнал­ған. Бірін бірі то­лықтырып тұрған тұтас ұласпалы жаз­балар алдыңыздан шыға­ды. Мұндағы кейіп­керлер кейде бәрі бір атаның бала­ларындай елестесе, кейде бір-біріне мүл­дем жат жандардай қалыпқа түседі.  
Қаратерең – кейіпкерлер галереясы сын­ды. Автордың туған жерінің бұлың-пұш­пағы, құмдауыт төбелер, боз жусан мен бозғылт атырап, шолақ көшелері, теңіз жағасында өткен балалық шағы мен ауылдың қазіргі көрінісі, болмысы бөлек тұрғындар, сөзге бірде шешен, бірде сараң ауыл адамдары, өз соқпағымен қиыр­ға кетсе де, кісілігін жоғалтпаған жаз­мыш иелерін оқи отырып, өзіңнің ауы­лың, қоңыр мұңды қоңсыларың мен бала кездегі достарың жадыңда жаңғырып, эс­селермен параллель кейіпкерлер бей­несі ойға оралады. Біздің байқағанымыз, автор өзінің балалық шағын, мөлдір кезеңін сағына еске алады. Оның ауылы – базары тарқамаған баяғы Қаратерең – бала Бауыр­жанмен бірге соңынан қалмай іле­сіп жүргендей әсер аласың. Шағын эссе­лер бірде күлдіріп, бірде ойлантып, енді бірде сағыныш өрмегін Аралдың баяу соқ­қан желі тербеп тұрғандай ішкі иірі­міне тарта береді. 
Қаратерең – Қазақстан картасында аты жазылған мыңдаған ауылдың бірі емес, әдеби эссенің кейіпкері екенін ұға тү­се­сіз. Сөйтесіз де, көлі тартылып, та­ғаны кепкен, замана құйыны апшысын қуырған бүгінгі Қаратерең мен толқыны жағаны ұрған, топ бала жағасында ой­наған, қыста коньки тепкен, балығын аулап, қамсыз-мұңсыз шақ өткерген бұрынғы Қаратерең ортасында, сағымдар мен сұлбаларды қаламымен кестелеген автор көз алдыңызға келеді. Бұл кітап­тардағы кейіпкердің бәрі қаратереңдік болмаса да, әр дәуірде, әр салада, әр қиыр­да ғұмыр кешкен жандардың бәрі осы бір өзекке – Қаратереңге тағдыр бұйдасының бір ұшы байлаулы тұрғандай көрінеді. Бұл – оқырманның қиялы. Асылы, оқыр­манын сондай әсерге жетелеген қалам­гердің суреткерлігі. Ол ауылдасын, сы­ныптасын, курстасын, достарын, тіпті сый­лас ағалары мен мұңдас қаламдас­та­рын жазса да, сіз іштей Қаратерең туралы ойлайсыз. Оқырманын өзінше ойлануға, әсер­ленуге, болжам жасауға жетелейтін шы­ғарманың ішкі қуаты бөлек болмақ-дүр. 
«...Біздің Аралдың жағасында шеге құм деген ғаламат құм бар. Сол құмға су жаңа киіміңмен қанша аунасаң да, үстіңе еш­теңе жұқпайды. Түрегелсең болды, шеге құм жерге сусып түседі. Не сені кір шал­майды, не құм ластанбайды». Автор Шеге құм туралы осылай дейді. Осы бір үзік сырдан-ақ, кітаптың неге «Шеге құм» аталғанын білуге болады.
Өйткені Бауыржан Омарұлы ғұ­мыр-дарияның кірсіз келбетін, әсерлі сәтін, кейіпкерлерінің жарқын мі­незін, жылы мейірін шағын этюдтермен өруге құмар. Оқырманның көңіліне қы­лау­дай кір жұқтырғысы келмейді. Айна­лаң­н­ың бәрінде тек жақсы адамдар жүр­геніне қуанасың. Жақсының жақ­сы­лығын айту, артықшылығын жеткізу, өзі­не тән мінезін дәріптеу, сұлу сөз бен сыр­лы сазға малынған сөйлемдері арқы­лы жаныңды нұрға бөлеу – автордың әу бас­тағы мақсаты екені үш кітаптан то­лық аңғарылады. Әр эссеге жүрегің жы­лиды. Көңілің марқаяды. Тәтті сағыныш пен зілсіз күрсініс көкірегіңді шарпиды. Бұл күрсініс оқырманын күйзеліске тү­сір­мейді, себебі шынайы лепес, шын көңіл, алғау сұрамайтын пікір көңілдің кірін шаяды. Әр туындысын жылы жы­миып, кейіпкерінің ерекшелігін екшей отырып, шағын сюжет құрып, ыждағат­пен, махаббатпен бүкпесіз ой ақтаратыны байқалады. Әр эссеге қажетті детальді ол талай уақыт бойы санасында қаттаған. Сондықтан да замандас-кейіпкерлерін жа­тырқамай, жатсынбай, зерлі сөзін орны­мен қолданып, әсерлі түйіндермен өреді. Бұл – айналасынан шуақ, жақсылық бай­қайтын, қасындағылардан бақастық із­деуге жаны қас, керісінше, кез келген үзең­гі жолдасынан ізгілік көретін адам­ның қасиеті. «Жер бетіне сыймай емес, сыйыспай жүретін» пенде көп заманда, ақ­параттың қара бояуы қалыңдап, ағын­ның лайын, дәуірдің күңгірт түсін алау­латуға құмар бүгінгі сықпытымыздан ес жиып, Бауыржан Омарұлының эсселерін оқыр болсаңыз, айналаңызды жайдары мінезбен қабылдай бастарыңыз даусыз. Ашу, ыза, кек толы әлеуметтік желілердің иірімінен бізді осындай шуақты мәтіндер арашалап, жүрегімізге жылу құймаса, не істер едік? 
Әдетте, сапалы, пайдалы контент туралы жиі айтамыз. Меніңше, пай­далы контент – оқырманға ғылым-білім, технология, өнер туралы тұшымды ой айтатын шығарылымдар (жазбалар) бол­са керек, сондай-ақ ешкімге зар ай­тып, мұң шақпайтын, оқырманын ізгі­лік­ке үйіретін, тыңдаушысын тағлымға бас­тайтын, көрерменін көшелі ойға же­телейтін дүниелер болуға тиіс. Бауыржан Омарұлының желідегі әр жазбасы осын­дай. Қысқа күнде қырық құбылып, елдің сү­рінгені мен омақасқанына санын ша­пат­тап отыратын миллиондаған оқыр­маны бар «коуч» пен блогерді аяйсың осын­дайда. Оларға ілесіп, «шоқ» десіп отыратын «оқырмандарды» да, «өртенді, өлтірді, қираттыны» таңғы азаннан бұрын алашапқын боп бірінен бірі кө­шіріп басатын сайттарды да аяйсың. Со­лардың ортасында отырып, жылы эссе­лерін желіге салып, пенделерге жүрегінің қай тұста екенін ұмытпауды ұғындыра­тын Бауыржан Омарұлын да «аяйсың». 
«Шеге құм» – жер бетіндегі тіршілік алауын биік ұстаған сан түрлі адамды әр қырынан кейіптеген кітап. Бұл – жүрегі  кеудесінің сол тұсында лүпіл қаққан адам­дар туралы кітап. 
 «Шеге құм» дегеніміз – қара жер, «Толқын» дегеніміз – ағын су, «Шағала» де­ге­німіз – көк аспан. Жер. Су. Көк. Үш то­ғыс. Үш кеңістік. Үш кие, Үш қиян. Үшта­ған...» Бұл – автордың өз тұжырымы. Кеңістік үш әлемнен тұрады. Астроно­мия­ны оқығандар, кеңістіктің үш қана­тын, үш параллельді елестете алады. Бұл үштік әлемге барша ғалам сияды. Кеңістік туралы қалай қиялдай алсаңыз, шектеусіз қабырға, шексіз кескін түзе аласыз. 
«Шеге құм», «Толқын», «Шағала» – осы үш әлемнің тұтасқан формасы. Мұнда жер бетінің де, су әлемінің де, көктің де келбетін қаламымен суреттеген автордың ой машығы жатыр. 
Эссе – ең ізгі жанр. Қазақ әдебиетінде эс­се жазудың шеберлері көп. Оралхан Бө­кейдің сом кейіпкерлерін, олардың ешкімге ұқсамас мінезін суреттеуі бір кез­дері күллі қазақ оқырманын тамсант­қанын әлі де аңыз ғып айтамыз. Қалихан Ысқақтың жүрек түпкірінен шымырлап шыққан тұнбадай бірегей эсселерін қай­талап оқығың келеді. Қайталап оқуға ша­қырған туынды – ең жақсы туынды.
Бауыржан Омарұлының эсселері фор­ма жағынан да, мазмұн жағынан да оларға ұқсамайды. Тек өзіне тән мәнер бар. Қысқа да нұсқа эсселерді оқып оты­рып, кейде көлемді шығармалардан ке­зік­тірмейтін образдарды, бай да қуатты тіл­ді, ойнақы әзіл мен уытсыз юморды мо­лынан кезіктіресіз. «Аз сөзге көп ма­ғына сыйдыру» – әдебиеттің негізгі қағи­да­сының бірі. Автор сол тәсілді шебер меңгерген. 
Өзі: «...журналист болуға ұмтылған ұлан жазуды қысқа мақаладан бастайды. Кәсібі қалыпқа түскен соң көлемді дү­ниелерге құлаш ұрады. Бірте-бірте ол ша­ғын дүние жазу дағдысынан алшақтап ке­теді», – дейді. Осы сөзден автордың қыс­қа жазу машығынан ажырауды құп көр­мегенін әрі онысының қазақ журна­листикасына пайдалы болғанын байқай­мыз. 
Аргентиналық әйдік жазушы Хорхе Луис Борхес қысқа да толғамды эссе жазу­дың хас шебері. Оның эсселерінен әлем­нің кез келген қиырындағы батыр яки қарапайым адам туралы ұшыратасыз. Томдыққа жүк болар оқиғаны 3-4 беттік эссесіне сыйдырады. Оның кейіпкерін қайдан тапқанын, қай кітаптан болмаса қай аңыздан, қай құрлықтан, қай халық­тан алғанын біле алмайсыз. Оны білу маңызды да емес. Ең бастысы шебер сурет­теуге, ойлы жазбаға, бір оқыған соң ұмы­тылмас оқиғаға тәнті болып, таңдай қағасыз. Біз сөз етіп отырған үш кітаптың кейіпкерлері бізге таныс. Сөйте тұра бей­таныс. Оқырман атын білсе де, затын біл­мейтін, түрін таныса да, болмысын, тағ­дырын танымайтын тағдырларға жолы­ғады. Борхесше жазу әлем жазар­мандары үшін мәртебе, Борхес болып ойлану қолына қалам ұстағанның бәріне бұйырмайтын бақ. Ал Бауыржан Омар­ұлы­на қазақ сөз зергерлері еліктеп, қысқа да мәнді жазуға талпынса, бұдан ұлт көсемсөзінің бағы артады. Шындығын айтқанда, әр эссенің іш­кі оралымында ұшырасатын сұлу тір­кестер мен көркем суреттер біздің көп­теген жазушының шығармаларында ке­зік­пейтінін мойындауға тиіспіз. Автордың кейбір эссесін оқыған соң, осы сюжетті прозаға айналдырса, қалай болар еді деп ойланып қаласың. 
Шағын ғана жазбалардағы мөлдір әлем­ді оқып бірде қуанасың, бірде тол­қисың, енді бірде туған жеріңді, өскен ор­таңды сағына еске аласың. Кейде кө­кірегің шым етіп, қоңыр мұңға да ба­та­сың. Автор ықшам әрі әсерлі жазуды ерте меңгергенін 1990 жылы «Лениншіл жас­та» (қазіргі «Жас Алаш») жарық көр­ген «Жарықкөл құрбандары» деген шағын эс­сесінен анық зерделеуге болады. Осы­дан 35 жыл бұрын жарияланған осы туын­дыны бірнеше мәрте қайталап оқы­дым. Көл үстінде түн мезетінде коньки тепкен үш достың – үш сыныптас он жа­сар ойын балаларының бірдей Жа­рықкөлдің мұзы жарылып, қайтыс бол­ған сәтін оқып, күрсінбеу, күйінбеу мүм­кін емес. Шынайы достық тек балалар да ғана болады деп айтылады. Бұл эссе – со­ның қапысыз дәлелі. Тағдыр жібі үзілер шақ­тағы арпалысқан балалардың жан­кешті сәтін ерекше толқыныспен жазады автор. 
«Түні бойы үш ұлды сабылып іздеген­дер­дің ойық басында қол шаммен көр­гендері: су бетінде қатқан үш құлақшын, қан-жоса болған мұз ернегі... Олардың денесін сыртқа алып шыққанда жиылған ел Балапан мен Асылбектің таяқ ұстаған қолдары сол күйі қарысып қалғанын да байқады». 
Автордың бұл суреттеуі оқиғаның тұ­тас нобайын, бірін-бірі құтқармаққа жа­нұшыра ұмтылған балалардың жан шы­рылын көз алдыңа әкеледі. Ауыр да бол­са, тірі картина. «Жарықкөл құрбан­дары» – сюжеті киноға сұранып тұрған туынды.
«Арал. Ауыл. Адам» бөлімі – автор кө­кі­регінде шайқалған Аралдың тірі кө­рінісі. Арал жоқ десе, ол тартылды десе сен­бейтін адамның сөзі іспетті. Туған жер­ден жыраққа кету – қасірет емес, одан мәң­гілікке айырылу – қасірет. Қамсыз ба­лалығың өткен жерге барғанда, тосыр­қап, өзің өскен жер мен санаңдағы сурет­тің үйлесімсіздігі – қасірет. «Мен өскен жер бөлек еді. Мен бөтен жерге келген жоқ­пын ба?» деп ойлау – қасірет. Шын­дығында, адам біткен бала кезде өскен жерін – кіндік қаны тамған мекенін өзінің көкірегіне қондырып, соның еле­сін тамсаумен өтеді. Есіңізді қалт жиып, бала шаққа қиялмен сапар шеккеніңізде, бозғылт өлке, боз жусан, шулаған теңіз, жыңғыл мен сексеуіл сыңсып, шағаласы шаңқылдап алдыңыздан шығады. Демек, туған жеріңіз – Сіздің санаңызда. Ол адам баласынан жырақтап кеткен жоқ. Бір сәт оны өзіңіз ұмыттыңыз. Күндердің күні ол сана түпкірінен сәуле шашып, мың бояуы­мен құбылып, кино лентасындай яки әлі ешбір суретші сызбаған кар­ти­на­дай Сізге жолығады. Міне, туған жер – өзіңізбен бірге көшіп жүр. Ол Алматыда, ол Астанада болмаса әлемнің әйтеуір бір түпкірінде тірлік кешіп жүрген өзіңізбен бірге, ой экранында – оқиғалар тізбегінің қалың файлдарының бірінде сақтаулы тұр. Түртіп оятсаңыз болды, бәрі көз ал­дыңызға келеді. Ол үшін жазу керек. Ойын­дағысын әдіптеп жаза алатын жан­ның бәрі белгілі деңгейде бақытты болатыны сондықтан. Автордың туған жері – Қаратереңі мен Аралы өзімен бірге жүргендей сезілді бізге. Соны сезіндіре алған автор бақытты.
Аралдық ақын Қази Данабаев:
Мен Аралдан кеткем жоқ
Айта көрме,
Жетелейді ел жаққа қайта кеуде.
Көк теңізден келген бір базаршымын,
Бұйымымды бітірсем,
Қайтам елге, – деп жырлағанындай, біз туған жерден кеткеміз жоқ. «Базарлап» жүрміз.
«Мейірімділік мекеніне бастайтын май­да толқындар, майса толқындар» «Толқын» жинағында толықтай қам­тыл­ған. Автордың өзі айтпақшы, «мейірім­ділік мекені» – алыста емес, ол жерұйығы яки «қайырымды қала» емес, ол тура Сіз бен біздің өзімізде – жылы жүректе. Мейірім­ділікті алыстан емес, жақыннан, өзгеден емес, өзіңнен іздесең, адаспайсың. Бұл – жаттанды мораль емес, бұл – заң­ды­лық. Өмірдің заңдылығы.
«Шағала» – біздің Аралдың символы» дей­ді автор. Сөйтеді де «Жалпы, жазуға та­ласы бар адамдар ұлттың жақсы қа­сиеттерін үнемі дәріптеу керек» дейді. Үш кітаптың басты қағидаты – осы тұжырым. 

Тэгтер:

Бауыржан Омар кейіпкерлер галерея