МӘМС: жүйені жөнге келтіруге тағы бір талпыныс

18 сәуір, 2025 / Ділда УӘЛИБЕК

Наурыздың аяғында Мәжіліс депутаттары МӘМС туралы заң жобасын жұмысқа алды. Мақсат – медициналық сақтандыру  жүйесіндегі олқылықтарды жөнге келтіру.

Денсаулық сақтаудың тұрақты қаржы­лық моделіне айналуы керек болған мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастағалы бері сыналып келе­ді. Түрлі талдаулар мен аудиттер де жүр­гізілді. Соған қарамастан, жүйенің жұ­мысы жүйеленбей келеді. Бұған дейін де осы тақырыпты қаузап, нақты мәселелерге тоқ­талып, саралаған едік. Енді қандай өзге­ріс­тер енгізу жоспарда бар, шолу жасап көрейік.

Шығын да, шағым да өскен

Биыл жыл басында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында МӘМС жүйесіне жүргізілген ау­дит нәтижесі жарияланған болатын. Мін­берге шығып, сөз алған Жоғары аудитор­лық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов ме­дици­налық сақтандыру қорының табысы да, қаржыландыру көлемі де өскені туралы мәлімдеген еді.
– 2024 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойын­ша, 16,2 млн адам немесе халықтың 81 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде 12 мил­лионы – жеңілдік берілетін санаттағы аза­маттар. Яғни, олардың сақтандыру жар­насын мемлекет төлейді, – деді Нұржанов. 

Сонымен, мемлекет бүгінде 14 мил­лион адамның (86 пайыз) сақ­тан­дыру шығынын көтеріп отыр. Бұл деге­ні­міз – МӘМС жүйесі мемлекеттік бюджетке тіке­лей тәуелді деген сөз. Осылайша, бас­тапқыда өзін-өзі қаржыландыратын мо­дель ретінде ұсынылған жүйе шын мә­нін­де қазынаға салмақ түсіріп отыр. Ең қы­з­ығы, қаржыландыру көлемі өссе де, қо­ғамның жүйеге көңілі толмайды, тіпті ке­рі кетіп барады. Мәжіліс Төрағасының орын­басары Дания Еспаеваның айтуын­ша, денсаулық сақтауға бөлінетін шығын­дар жылдан-жылға айтарлықтай ұлғай­ған. Бірақ бұл өсім халықтың медицина са­­­пасына деген сеніміне оң әсер еткен жоқ. 
– Медициналық қызмет көрсетудің са­па­сына қанағаттану деңгейі төмендеп ба­рады, – деді Дания Еспаева.
Бұл – жүйенің басты парадоксы: қар­жы көлемі көбейіп жатыр, бірақ нәтиже бай­қалмайды. Әлеуметтік әділеттілік пен қар­жылық тұрақтылық арасында тепе-теңдік жоқ. Бұл мәселенің бәрі бір сұраққа барып тіреледі: қаражат қайда кетіп жатыр?

Түбі тесік қайық – жүйенің метафорасы

Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сөзімен жауап берсек, «осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген де ой маза­лай­ды». Оның айтуынша, қаражат мол, бірақ нәтиже күмәнді. Бұл, әсіресе, ауыл мен өңірлердегі халық бетпе-бет келіп отырған аса өзекті мәселе. 
– Өзенде жүзіп келе жатқан бір қайық­ты елестетіңіздерші. Қайықтың түбі – тесік. Ол тесіктен ішке су құйыла бере­ді. Ал қайықшы не істейді? Тесікті бітеу­дің орнына, қолына шелек алып, су­ды сыртқа төгумен әлек. Бірақ ол судың тоқтайтын түрі жоқ. Ал қайық бата бере­ді, – деді депутат Үкімет сағатында сөй­ле­ген сөзінде.
Асхат Аймағамбетов бұл көріністі қа­зіргі МӘМС жүйесінің дәлме-дәл мы­са­лы ретінде сипаттады. Оның айтуынша, бас­ты мәселе – жүйенің өзі. Оның сөзін­ше, жүйедегі олқылықтар енді тек ақау ғана емес, дерт, ол халықтың денсаулығын сақтауға жағдай жасамайды, керісінше, қауіп­ке тірейді. Одан айығудың жолы – ақ­шаны санмен емес, сауатпен басқару. Ал оған жету үшін нақты реформа, саяси ерік және ашықтық керек.
– Мәселенің негізгі себебін жоюдың ор­нына, тек оның салдарымен күрес жү­ріп жатыр. Жүйелі реформалар орнына уа­қыт­ша, формалды шаралар қабылданып жатыр. Ең бастысы – стратегиялық көзқа­рас жоқ, – деді ол.
Жүйенің түпкі құрылымы, мақса-ты мен оған жету жолы арасын­дағы ал­шақтық – дәл қазіргі дағдарыстың тү­бірі. Депутаттың айтуынша, бұл модель Үкі­меттің саланы басқаруға қабілетсіз еке­нінен хабар береді. Ол реформаларды тек жедел шара ретінде емес, ұзақмерзімді, ха­лық мүддесіне сай жоспарланған стра­тегиялық бағытта қарастыру қажет еке­нін айтты.
– МӘМС бойынша 5 айлық баланың ті­сін қаңғұрттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қаң­ғұрттан емдеуге болады? – деп күйінді де­путат. Бұл – жай ғана медициналық сауат­сыздық емес, ақшаны оңды-солды игеру үшін жасалған әрекет екенін аңғару қиын емес. Тағы бір мысалда Айма­ғам­бе­тов 82 тісі емделген адам туралы деректі кел­тіреді. Медициналық тұрғыдан мүмкін емес жағдай, алайда бұл да қаржылық есеп­ке өткен. Бұдан бөлек, бір адамға бір күнде 32 түрлі қызмет көрсетілді деген мә­лімет тіркелген. Мұндай мысалдар де­пу­таттың айтуынша, елде көп кездеседі.
– Қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр көрсетілген қызмет үшін төленеді. Бұл автоматты түрде медицина ме­ке­ме­ле­рін артық қызмет көрсетуге итер­ме­лей­ді, – деді ол.
Яғни, бір адамға қанша көп қызмет көр­сетілсе, соғұрлым көп пайда табуға мүм­кіндік бар. 
­– Бұрын остеохондроз рентгенсіз де анықталатын. Ал қазір бір адамға рентген, КТ, МРТ қатар жасалады. Себебі бұл – ақ­ша табудың «заңды жолы», – дейді депу­тат.
Цифрландырудың әлсіздігі, кли­никалық протоколдардың бұ­лың­­­ғырлығы мен бақылаудың формалды сипаты – осының бәрі жалған есеп беріп, артық қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Жүйенің өзі осындай жағдайларға жол ашып отырса, онда жауапкершілік кімде?
Халық сынақ алаңына айналды. Бұл пі­кірді Мәжіліс депутаты Нартай Сәр­сен­ғалиев айтқан еді. Ол МӘМС жүйесі 6 жыл ішін­де жақсармағанын, керісінше, жаңа жүйесіздікке жол ашқанын мәлімдеді.
– «Прописка» тоқтаған жоқ. Оның ішін­де марқұмдарды да тіркеп жіберді. 3-4 айлық балалардың тісін емдедік деп қор­дан ақша алып отырғанын көріп отыр­мыз, – деді депутат. Бұл – жүйенің есеп-қисап жүргізуіндегі ақылға қоным­сыз фактілердің әлі де жалғасып жат­қа­нын көрсетеді.
Бұған қоса, Президенттің тапсыр­ма­сымен жасалуға тиіс болған меди­циналық көмектің бірыңғай топ­та­масы да қағаз жүзінде қалып қойған. Сол сияқты, әлеуметтік осал топтардың сақтандыруын жергілікті бюджет арқылы қаржыландыру бастамасы да жүзеге аспаған.
– Осы МӘМС арқылы халықты сынақ алаңына жіберген сияқтымыз. Бұрынғы жүйе де, қазіргі жүйе де істеп тұрған жоқ. Халық қайда барып ем аларын білмейді, – деді ол.
Депутаттың есебі де ойландырады: «20 миллион халықтың 3,5 миллионы тір­келмеген, ал 14 миллион адамның шы­ғынын мемлекет көтереді. Сонда тек 2 миллион адам ғана сақтандыру жарнасын төлеп отыр». Бұл статистика МӘМС-тің «жал­пыұлттық» сипат алмағанын көрсе­теді. Депутат, тіпті, жүйені жүйелеп алған­ша, МӘМС-ті уақытша тоқтата тұру тура­лы ұсыныс айтқан болатын.

МӘМС мәселесін Мәжіліс қарап жатыр

Сансыз сын мен есепсіз шағым Үкі­мет пен Мәжілістің МӘМС жүйе­­­­сінің мәселелерін тағы бір саралап, өзге­ріс­терді заң жүзінде бекітуге ниет біл­діруіне себеп болды.
Осылайша, әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесін реформалау мәсе­ле­сіне қатысты заң жобасы Мәжіліс қа-рауына келіп түсті. Оған Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төра­ғасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етсе, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева және Денсаулық сақтау ми­нистрі Ақмарал Әлназарова қатысып, өз ойларын ортаға салды. 
– Сақтандыру жүйесінің қордаланған проб­лемалары бойынша азаматтардан көп­теген өтініш түсіп жатыр. Әсіресе, жар­на төлеп отырса да, толыққанды ме­ди­­ци­налық көмек ала алмай отырған­дар­дың шағымы аз емес. Қаржылық модельде тепе-теңдік жоқ, ал медициналық ұйым­дар уақытылы қаржыландырудан үнемі қиындық көреді. Бұл түптеп келгенде нау­қастарға әсер етеді, – деді Дания Еспаева жиында сөйлеген сөзінде. 
Оның айтуынша, МӘМС жүйесін ен­гізгелі бері көп уақыт өтсе де, меди­ци­на­лық көмектің сапасы мен қолжетімділігі ай­тарлықтай жақсармаған. Бұл – Пре­зи­денттің өзі де бірнеше рет айтып, Үкі­мет­ке нақты тапсырма жүктеген мәселе. Сон­­дықтан Еспаева заң жобасын осы сес­сия соңына дейін қабылдау қажет еке­нін еске салып, жедел жұмыс жүргізуге ша­қырды.
Министр Ақмарал Әлназарова жүйе енгі­зілгеннен кейін денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі үш есе өскенін, оның ішінде тек МӘМС-тің үлесі 0,4 трлн теңгеден 1,3 трлн теңгеге дейін артқанын айтып, негізгі жетістіктерді тізіп берді. Бірақ бұл көрсеткіштердің тасасында әлі де шешілмеген мәселелердің көп екенін ол жасырған жоқ. Біріншіден, аза­мат­тар­дың жүйемен қамтылу деңгейі төмен. Екін­шіден, медициналық көмектің екі пакетке – кепілдендірілген тегін көмек пен МӘМС пакеттеріне бөлінуі басқару процесін қиындатып отыр. Осыған бай­ланысты министр 2026 жылдан бастап екі пакетті кезең-кезеңімен біріктіріп, не­гізгі медициналық міндеттемелерді сақ­тандыру жүйесіне көшіруді ұсынды. Бұл, оның пайымынша, әкімшілік рә­сім­дерді жеңілдетіп, сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар министр табысы жо­ғары азаматтардың пропорционалды түр­де аз жарна төлеп отырғанын алға тар­тып, 2026 жылдан бастап жарна есеп­телетін табыс базасының жоғарғы шегін арттыруды ұсынды. Бұл өзгеріс жұмыс істейтін халықтың шамамен 9 пайызына әсер етеді. Ал МӘМС жүйесінен тыс қал­ған 3,3 миллион азаматтың қатарына енген ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарнаны жергілікті бюджеттен төлеу те­тігі қарастырылып жатыр. Осы арқылы қо­сымша 1 миллионнан астам адамды қам­ту жоспарланып отыр. 
Алайда бұл ұсыныстардың барлығы де­путаттар тарапынан біржақты қолдау тапқан жоқ. Мысалы, азаматтардың жарналарын жеке шотқа жинау тетігін енгізу, МӘМС арқылы ем алу жолдарын жеңілдететін мобильді қосымша жасау, Face ID технологиясын қолдану сынды ұсы­ныстарды қарастыру қажет екені ай­тылды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге түсетін жарна жүктемесін саралау, стомато­ло­гиялық көмекті жетілдіру, полигон ай­мақтарындағы халыққа медициналық көмектің қолжетімділікті қамтамасыз ету, сақтандырылған азаматтардың құқық­тарын нақтылап жазу сынды мәселелер де көтерілді. 
Заң жобасының ішіндегі ең даулы ұсы­ныстардың бірі – МӘМС бюджетін ұлғайту арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің қаржысын қысқарту бастамасы болды. Бұл – депутаттардың пікірінше, жүйенің әлеуметтік жауапкершілігіне қайшы.
Асхат Аймағамбетов мәселенің та­мыры тереңде жатқанын тағы бір мәрте еске салды. 
– Бәрін Денсаулық сақтау министр­лігіне жүктей салуға болмайды. Мәселен, өткен жылы МӘМС бойынша респуб­ли­калық бюджеттен бөлінуі тиіс болған 500 миллиард теңгенің жартысы ғана беріл­ген. Бұл – нақты азаматтардың ем-до­мына, дәрісіне, анализіне қажет қаржы. Қаржы министрлігі тарапынан да бұл мә­селеге салғырт көзқарас бар. Сонымен қа­тар орташа жалақыға шаққанда МӘМС-ке тү­суі тиіс 200 миллиард теңгеден астам қа­ра­жат та жүйеге жетпей жатыр. Ал тегін ме­дициналық көмекті толық алып тастау – мүлде қисынсыз шешім. Сондықтан бұл заң жобасын әлі де пысықтауымыз керек, – деді ол.

МӘМС айналасындағы мәселе тек медицина саласындағы проблемалармен шектелмейді. Бұл – әлеуметтік әділет, ашықтық, бастаманы тәжірибе жүзінде жемісті жүзеге асыру дағдылары сияқты көптеген аспектінің жиынтығы. МӘМС жүйесіне өзгеріс керек. Бірақ ол өзгеріс тек қағаз жүзінде емес, емханадағы дәрігердің қабағынан, ем алып шыққаннан науқастың көңілінен көрінуге тиіс.

Тэгтер:

Заң денсаулық МӘМС денсаулық сақтау сақтандыру қоры Медициналық сақтандыру қоры