Жыл басынан бері мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 162,8 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке жарамсыздық және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 22,2 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлем төленді.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылар саны шамамен 541,1 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 196,2 мың адамды құрады.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5 пайызға өсті. Үкімет шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5 пайызға артты.
Мәселен, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңге, 2-топ үшін – 81 362 теңге, 3-топ үшін – 55 474 теңге.
1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 70 688 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 72 881 теңгені құрайды.