Экстремизм мен терроризмді насихаттаушыларға қарсы күрес – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыты. Бұл ретте, еліміздің құзырлы да жауапты органдары көптеген қылмыстың жолын кесіп, қауіп-қатердің алдын алуға үлкен үлес қосып келеді.
Мәселен, Ақтөбе қалалық сотының шешімімен Ақтөбе облысының тұрғыны терроризмді насихаттағаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айрылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген тергеу арқылы бұл қылмыстық іс шеңберінде ақтөбелік тұрғынның айналасындағыларды лаңкестер жағында шетелдегі соғыс қимылдарына қатысуға шақырғаны, сонымен қатар өзі де оларға қосылуды жоспарлағаны анықталды.
Тінту жүргізген кезде одан 2 автомат, 8 тапанша, 8 мылтық, 3 шолақ қару, жасырын тасымалданатын гарнитурасымен 6 радио-станса, 3 түтін шашкасы, 1 жарық гранатасы және 581 патроны табылған.
Сонымен бірге, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің материалы негізінде Алматы облыстық сотының шешімімен Қаскелең қаласының бір тұрғыны терроризмді насихаттағаны және террористік әрекеттерді ұйымдастыруға адамдарды тартқаны үшін сотталып, 9 жылға бас бостандығынан айрылды.
Қылмыскердің Қазақстанда резонанс туғызу үшін зорлық-зомбылық акциясын жасау үшін лаңкестік топ құруды жоспарлағаны анықталды.
Ол өз мақсатын жүзеге асыру үшін өзге де діндар адамдарға лаңкестік идеологияны сіңіріп, оларды өз қатарына қосуға әрекет жасаған.
Жалпы, осы жылдың басынан бері ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша тер-рористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін әртүрлі мерзімге 34 адам сотталған, оның екеуі – шетел азаматы. Олар терроризмді насихаттағаны, діни араздық тудырғаны, террористік және экстремистік топтардың әрекетіне тартқаны, тыйым салынған ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылып, жазаға тартылған.
Қазір бұлардан басқа тағы 23 адамға қатысты тергеу жалғасып жатыр.