Неман өзенінде кеудесін оққа төсеген қазақ батыры

18 сәуір, 2025 / Túrkіstan International Political Weekly

Дархан Жұбанышев есімі біздерге, Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақеспе ауылындағы №80 Сарбасат 8 жылдық мектебінде оқыған және оны бітірген барлық оқушыларға өте жақсы таныс деп ойлаймын. Мен сол мектепте 1971-1979 жылдары оқыдым. Бастауыш класта, одан кейін біз үшін орта және жоғары кластарда мектеп ауласында салтанатты түрде жиындар өтетін. 

Көбінесе сол салтанатты жиындар октябрят қатарына, пионер қатарына қабылдауға байланысты, 7 қараша, 1 мамыр, 9 мамыр күндеріне арналған мерекелік іс-шараларға байланысты мектеп ауласында ұйымдастырылып жататын. Бастауыш сыныптарда оқып жүргенімізде жоғары сыныптарда оқитын белсенді оқушылар салтанатты жиындарда: «№80-Сарбасат 8 жылдық мектебінің Дархан Жұбанышов атындағы пионерлер отряды сапқа тұрды» немесе «Дархан Жұбанышов атындағы пионерлер дружинасының жетекшісі» деп оң қолдарының алақандарын ашып, ал бас бармағын қақ маңдайына тақап қойып рапорттар беріп жататын. Ол кезде Дархан Жұбанышовтың кім болғанына аса мән бермедік. Мектептің бір бұрышында ол кісі жайлы суреттер, естеліктер тұра­тын. Сөйтсек, ол кісі 1941-1945 жылдар­дағы алапат соғыс кезінде үлкен ерлік жасап, қаза тапқан екен. Жасаған ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медалімен, жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталған екен. Сонымен бірге 1944 жылы Неман өзенінен өтер кезде ер­лікпен қаза тапты деген мәлімет жазулы тұратын. Кейін есейе келе Дархан Жұбанышовтың біз­дің ауылда туып өскенін, ауылда ту­ған іні-бауырлары бар екенін білдік. Олар­дың да фамилиялары Жұбанышовтар еді. Олар өздері 2-3 отбасы болды. 1975 жылы Жеңіс­тің 30 жылдығы қарсаңында ауылдық мек­тептің жанында соғыста қаза тапқандарға ар­налған кішігірім ескерткіш орнатылды. Сол кез­де байқағанымыз – Дархан Жұбанышовтың ту­ған інілері, әсіресе, батырдың інісі Жақ­сы­лық­бай Жұбанышов ертелі-кеш сол құры­лыстың басында жүріп, құрылыс жұмысына өте белсене араласқаны әлі есімде. 
Дархан Жұбанышовтың майданда тол­ты­рылған марапаттау құжаттарында 1913 жы­лы туған делінеді. Туған жері – Қызылорда об­­­­лысы, Арал ауданының Сарбасат ауылы. Дар­хан Жұбанышевқа қатысты бір құжатта ол майданға 1942 жылдың 1 қаңтарында ка­ва­лерия­лық әскери бөлім құрамында енеді. Арал аудандық әскери комиссариаты оны 1941 жылдың жазының соңы мен күзінің басында майданға шақыртқан сияқты. Батыр ағамыз алғашында кавалериялық әскери бөлімде қатардағы жауынгер болып қызмет атқарады. Аттың құлағында ойнайтын ауыл жігіті кава­лерияға өзі сұрануы да мүмкін. Алғашқы әске­ри дайындықтардан соң оның алғашқы әске­ри қызметі басталған әскери бөлім – 32-кавалериялық дивизияның 121-Қызыл Тулы кавалериялық полкы болды. 
1938 жылы жасақталған бұл 32-дивизия со­ғыстың алғашқы күндері Оңтүстік бағытта бо­лып, Оңтүстік майданның (сол кездегі қол­басшысы армия генералы И.Тюленов, 25 мау­сым-30 тамыз 1941 ж.) 9-ерекше атқыштар кор­пусының құрамында болады. 1941 жылдың шіл­де айының ортасында Орталық бағыттағы неміс әскерінің жойқын шабуылдарын тоқ­тату мақсатында 32-кавалериялық дивизия Белоруссия аумағындағы Батыс майданының құрамына беріледі.
Неміс әскерлерінің 1941 жылдың жаз-күз ай­ларында шығысқа қарай тез жылжуы бүкіл май­дандағы оперативтік жағдайларды шұғыл өзгертіп отырды. Соған байланысты 32-ка­ва­лериялық дивизия да біресе кавалериялық Топ құрамында, біресе 5-ші, біресе 3-кавалериялық Кор­пус құрамында әртүрлі майдандардың бас­шылығына беріліп отырды.
Дархан Жұбанышовтың майдандағы әс­кери жолы 1942 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік-Батыс майданының құрамындағы 121 кава­ле­риялық полкте гвардия қатарындағы жауын­гері ретінде басталады. Бұл кавалериялық кор­пус 1941 жылдың 25 желтоқсанында Қор­ғаныс Халық Комиссариатының №366 бұйрығымен неміс басқыншыларына қарсы күресте жеке құрамның ерен ерліктері мен батырлығы, ұйымшылдығы мен табандылығы үшін гвардиялық мәртебеге ие болған еді.
Бұл кезде Мәскеу түбінде Сібір мен Қиыр Шы­ғыстан келген жаңа күштерді пайдаланып, Калинин және Батыс майдандары қарсы ша­буылға шығып, 150-200 шақырымдай батысқа қарай жауды қуып жатыр еді. Сол сияқты 21-армия, оның құрамындағы 32-кавалерия­лық дивизия да Оңтүстік-Батыс майданының стра­тегиялық жоспарына сәйкес қарсы ша­буыл­ға шығып, 100 шақырымдай алға қарай жыл­жиды. 1942 жылдың мамыр айының соңында Харьков қаласы түбіндегі ауыр шай­қастарда Оңтүстік-Батыс майданының әскери бөлімдері неміс қоршауында қалады да, ауыр шығынға ұшырайды. Маусым айында іс жү­зінде майдан жойылады да, оның құрамындағы бөлімдер басқа майдандарға таратылады. Дархан Жұбанышов қызмет атқарған 21-ар­мия Сталинград майданының құрамына ен­гізіледі. Ал 1942 жылдың 30 қыркүйегінен бас­тап болашақ маршал К.Рокоссовский бас­қарған Дон майданының құрамында Ста­линград шайқасына қатысады. 21-армияның Дон майданы құрамында қалай соғысып, қалай көзге түскенін мынадан көруге болады. Ар­мияның екі атқыштар дивизиясы 1942 жыл­дың қараша айында гвардиялық мәртебеге ие болып, 51-ші және 52-гвардиялық дивизия атанады. Ал 21-армия болса 1943 жылдың 22 сәуірінде Сталинград түбінде неміс-фашист әскерлерін қоршауға алуда және толық тал­қандауда көрсеткен жанқиярлық ерліктері мен үздік әскери қимылдары үшін 6-гвар­диялық армия атағына ие болады. Осылайша, біздің жерлесіміз Дархан Жұбанышов Қызыл Армияның Еділ өзені бойында Екінші дү­ние­жүзілік соғыс барысындағы өзі қызмет ат­қар­ған 121-кавалериялық полкы мен 32-ка­ва­лериялық дивизиясымен бірге Дон май­да­нының құрамында Сталинград түбіндегі үлкен жеңіске өз үлесін қосады. 
Жерлесімізге қатысты архивте сақталған ке­лесі бір құжат – 1943 жылы 1 қазанда Дархан Жұбанышовты «Ерлігі үшін» (За от­вагу) медалімен марапаттауға қатысты мә­ліметтер. Бұл кезде ол қызмет атқарып жүр­ген 32-кавалериялық дивизия 3-гвардиялық ка­валериялық корпуспен бірге 5-армия құра­мында Калинин, кейіннен майдандағы опера­тив­тік жағдайларға байланысты Батыс май­данына берілген болатын. Өкінішке орай, «Ер­лігі үшін» медалін Дархан Жұбанышовтың қан­дай ерлігі үшін алғаны белгісіз. Қалай десек те, мұндай медаль ешкімге де жайдан-жай беріл­мейтіні белгілі. Сол тұстағы қалыптасқан ере­же бойынша жауынгерлерді жоғары атақ­тарға ерліктерін баяндай отыра, полк коман­дирі жоғары жақтарға ұсыныс айтатын немесе полк командирі өзі және полктың штаб бас­ты­ғы екеуі жауынгердің ерлігін баяндай оты­ра, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының аты­нан медальмен не орденмен марапаттап жа­татын. Әзірге жерлесіміздің осы кездегі ер­ліктерін баяндайтын құжаттар қолымызға түс­пей тұр, дегенмен де ертеңгі күндері табы­лып қалар деген ойдамыз.
Келесі бір құжатта «Кім марапаттады» де­ген графа тұсында «121 кп 32 кд» де­ген сөз, «Құжаттың номері» деген қатарда 6/2 саны және құжаттың күніне «01.10.1943» деп көрсетілген. Бұл жерде бәрі түсінікті, алып-қосар ештеңе жоқ. «Кп» және «кд» деген­нің «Кавалериялық полк» және «кавалериялық дивизия» деген сөздердің қысқартылған түрі екені белгілі. 
Батыр жерлесімізге қатысты соңғы кездері та­был­ған құжаттардың біріне «Жаралану картотекасы» жатады. Бұл құжат бойынша Дархан Жұбанышовтың атағы кіші сержант болғанын, жеңіл жараланғанын және 1346 ГЛР-ден (Госпитал легкораненых) 1944 жыл­дың 09 наурызы күні жазылып шыққанын біле аламыз. 
Дархан Жұбанышовқа қатысты соңғы ар­хивтік құжаттардың бірі, ол – батыр жер­ле­сіміздің жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталуы туралы бұйрық және оның қа­н­дай ерлік жасағандығы туралы полк ко­мандирінің қысқаша баяндауы. Марапаттау туралы құжатқа қарап батыр жерлесіміздің өмірінің соңғы айлары мен күндері, әскери бөлі­мі, өшпес ерлігі туралы және де дәл сол күн­дердегі майданның жалпы жағдайын білуге болады.
Жерлесіміздің ерлік жасаған күні – 1944 жыл­дың 16 шілдесі. Ол қызмет атқарған әс­кери бөлім бұрынғы 32-кавалериялық дивизия емес, 16-гвардиялық атқыштар дивизиясы. Әске­ри шені бұрынғыдай қатардағы жауынгер емес, гвардия кіші сержанты. Соған сай әскери қыз­меті де жоғарылаған. Ол енді 43-гвар­диялық атқыштар полкының 1-ротасындағы бө­лімше командирінің орынбасары. Партия мү­шелігіне қабылданған. Оның әскери бөлімі – 43-гв. атқыштар полкы, 16-гв. атқыштар ди­ви­зиясы, 11-гв. армиясы, 36-гв. атқыштар кор­­­пу­сы. Бұл әскери құрама 1944 жылдың 1 қаң­­тарынан бастап 1-Прибалтика майда­ны­ның құрамында болады. 1944 жылы сәуір айын­да 3-Белорусь майданы құрылады да, ол қызмет атқарған 11-гвардиялық армияның, 16-гвардиялық дивизиясындағы, 43-гвар­диялық атқыштар полкі осы майдан құрамына беріледі. Майдан қолбасшысы – сол кезеңдегі ең жас армия генералы, 37 жастағы И.Черня­ховский (1906-1945) болды. 
1944 жылдың 23 маусымы мен 29 тамызы аралығында Қызыл Армияның төрт майданы бірлесе қимылдап, Белоруссия жерінде «Багра­тион» деп аталатын ірі стратегиялық операция жүргізді. Негізгі мақсат – Белоруссия жеріндегі немістің «Орталық» армиялар тобын жойып, Белоруссия жерін толық азат ету және одан әрі шабуылды үдетіп, «Оңтүстік» және «Сол­түс­тік» армиялар тобын бөліп тастау болды. 
«Багратион» операциясының бірінші ке­зеңі өте сәтті аяқталып, Белоруссия аумағының ба­сым бөлігі жаудан тазартылады, 3-Белорус­сия майданының бөлімдері 3 шілде күні Бе­лорус­сия астанасы Минск қаласын азат етеді. Одан әрі «Багратион» операциясының келесі ке­зеңі басталып кетеді. Екінші кезеңінде 3-Белоруссия майданының алдыңғы шептегі бөлімдері Неман өзені арқылы Литва жеріне енеді де, Балтық теңізі жағалауына ұмтылады. 13-шілдеде жерлесіміздің майданы Литва ас­танасы Вильнюсті жаудан азат ереді. Шабуыл қарқынын бәсеңдетпеу үшін Неман өзенінен тоқтамай өту (форсирование) керек болды. Ол үшін әр бөлімнен жеке әскери мобильді топ­тар құрылады да, олар өзеннің жау жақ беті­нен плацдарм басып алып, негізгі күш кел­генше ұстап тұру қажет болды. Мұндай әс­кери әдісті 1943 жылы күзде Қызыл Армия бө­лімдері Днепр өзенінен өтер кезде қол­данған болатын. «Днепрден өту» ұрыстары барысында Қызыл Армияның 1500-дей сол­даты пен офицеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілген еді. 
Дәл осындай әскери әдісті 3-Белоруссия май­­данының қолбасшысы, армия генералы И.Черняховский қолданады. Ол үшін май­данның алдыңғы шебіндегі әскери бөлім­дер­ден плацдарм жасау үшін әскери мобильді топ­тар құрылады. Ол топтағылар батыл, ер­жүрек, мықты, күшті және шұғыл шешім қа­был­дай алатын тәжірибелі жауынгерлерден жа­­сақталады. Сонымен бірге тапсырма өте маңызды және жауапты болғандықтан, тек қана коммунистер топқа алынады. Біздің жерлесіміз осындай талаптардың бәріне сай келіп, жасақталған топтардың біріне енеді.
Дархан Жұбанышов қызмет атқаратын 16-гвардиялық атқыштар дивизиясының 43-гвар­диялық атқыштар полкының бата­льон­­дары мен роталары шабуылдарын жал­ғас­тыра отыра, 1944 жылдың шілде айының ортасына таман Неман өзенінің жағалау­ла­ры­на жақын келеді. Полкты арғы бетке тоқтамай өт­кізу үшін арнайы жасақталған топтың құра­мында гвардия кіші сержанты, партия мү­шесі Дархан Жұбанышов бірден қимылға кіріседі. Оларға тез арада Неман өзенінің арғы жағынан негізгі күш үшін плацдарм дайындау міндеті қойылады. 
Бұл топ алдына қойылған әскери тапсыр­ма­ны бұлжытпай орындап шығады. Олардың ерлігі 43-полктың, 16-гвардиялық атқыштар ди­­­визиясының, тіпті 11-гвардиялық армия­ның тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. 
Сол күндері ұрыстың қалай жүргенін әске­ри бөлімдердің штабтарына келіп түскен әсе­ри хабарламалардан білуге болады. Мына құж­ат Д.Жұбанышов қызмет атқаратын диви­зияның 16 шілденің түске дейінгі қимылдары туралы баяндайды: 
«3-Белоруссия майданының штаб басты­ғына
11-ші гвардиялық Армия штабынан №64 әскери хабарлама.
16.7.1944. сағат 13.00.
16-гвардиялық атқыштар диви­зиясының 6-батальоны Неман өзенінің батыс жаға­лауына өтті, қалғандарының өтуі жүріп жа­тыр. Қарсылас қарсы беттен қатты артиллерия мен миноменттен және пулемет-автоматтан оқ жаудыруда. Оң жағалауда олар екі рота көл­е­мінде ав­томатшылармен және танкі­лер­мен бірнеше рет қарсы шабылға шықты...
Сіздің әскери хабарламаңыз капитан Сав­киннің қатысуымен қабылданды. Смирнова. 16.7.44».
Ал мына құжат сол күнгі түстен кейінгі оқиғалар туралы хабарлар береді: 
« 3-Беларуссия майданының штаб бас­тығына
 11-ші рвардиялық армия штабынан №66 әскери хабарлама.
Сағат 18-00. 16.7.44.
16-гвардиялық атқыштар дивизия­сы­ның екі полкы және бір батальоны Неман өзенінен арғы жағына Неманойценің оңтүстік жағын­дағы орман жақтан 16-00-ге таман өтті.
Қарсылас Неман өзенінің батыс жаға­лауы­нан пулеметтен және зеңбіректен тікелей оқ жау­дырып, әскердің өзеннен өтуіне кедергі кел­тіруде.
Сіздің әскери хабарламаңыз капитан Семенованың қатысуымен қабылданды. Смирнова. 16.7.44. 17.40 ».
Келесі бір құжат 16-гвардиялық атқыштар дивизиясының 1941-1945 жылдардағы әскери жолына арналған. Оның «Неман арқылы» (Через Неман) деп аталатын бөлігінде дивизия бөлімдерінің және жерлесіміз Дархан Жұбанышовтың ерлігі туралы былайша баяндалады: «Дивизия бөлімдері бүкіл Белоруссия жері арқылы жүріп өтіп, Литва ССР-інің оңтүстік бөлігіне аяқ басты, сөйтіп Алитус қаласының оңтүстік жағында Неман өзеніне тақап келді.
Шілденің 16-сына қараған түні ди­визия бөлімдері Неманойце деген жерде Неман өзенінінен өтуге кірісті. Юлин ба­тальонының жауынгерлері алғашқы бо­лып жағалауға жетті. Гвардиялық жауын­герлер өткел құрлысының бітуін күтпеді. Олардың барлығы гитлерлік Гер­манияға апаратын жолдағы соңғы су ке­дергісінен тез өтуге асықты. Олар өз­дері ағаш тауып, одан өткел жасап алды. Сол өткелге жауынгерлер пулеметтерін, танкіге қарсы қолданатын қаруын, оқ-дәрілерін орналастырды. Көптеген жауын­гер өзенді өздері жүзіп өтті.
Алғашқы болып суға қатардағы гвар­дия жауынгер Жұбанышов (осы жерде жер­лесіміздің әскери шенін баяндаушы қа­тардағы жауынгер деп қате көрсеткен, оның әскери шені кіші сержант болатын – Б.К.) гвардия кіші сержанты Елемісов, гвардия сержанты Ярошенко, гвардия аға сержанты Сотенков, гвардия қатардағы жауынгер Пацула, гвардия сержанты Сесоев, гвардия аға сержанты Кодеев, гвардия кіші лейтенанты Попов түсті.
Немістер бірнеше рет қарсы шабуыл­дар жасап, біздің бөлімдерді өзенге батыру­ды көздеді. Жаудың барлық қарсы шабуылдарына тойтарыс берілді. Біздің әскери бөлімдер бірнеше күнде ұрыс сала отыра Неман өзенінің батыс жағында басып алған плацдармды кеңейту және ны­ғайту үшін ұрыстар жүргізді».
Тағы бір құжатта 1944 жылдың 15-16 шілдесіндегі Неман өзенінен өтер кездегі 16-гвардиялық атқыштар дивизиясының жолы былай баяндалады:
«...15.7.44 дивизия бөлімдері Неман өзенінен өту үшін Неманойценің оңтүс­тік-батыс жағындағы орман маңына топ­тасты.
16.7.44. дивизия аз ғана шығынмен жау­дың қалың оқ жаудыруы астында Неман өзенінен өтті...» 
Ал енді гвардия кіші сержанты Дархан Жұбанышовтың нақты 1944 жылдың 16 шілдесіндегі Неман өзенінен өтер кездегі ерлігі туралы полк командирі қол қойған марапаттау қағазында былайша баяндалады:
«Неміс басқыншыларына қарсы күрес­те жолдас Жұбанышов өзін ержүрек және Отанына адал жауынгер ретінде көр­сетті. Жолдас Жұбанышов осы жыл­дың 16 шілдесінде алғашқылардың бірі бо­лып Неман өзенін жүзіп өтіп, гит­лершілермен қоян-қолтық айқасқа түсті. Аз уақытқа созылған ұрыс барысында ол жеке өзі қол пулеметімен жаудың төрт қарсы шабуылына тойтарыс берді, сол ұрыста ол 20-ға дейін жаудың көзін жой­ды, сөйтіп ол сол жерге басқа да жауын­герлермен бірге бекініп алды. Осылайша, ол әскердің қалған бөлігінің өзеннің ар­ғы бетіне өтуі үшін плацдарм жасап бер­ді. Жолдас Жұбанышов барлық ұрыс­тарда алдыңғы қатарда жүрді және де ол өзінің жеке басының үлгісімен берілген әскери тапсырмаларды орындау бары­сын­да басқа қаруластарын үнемі жігер­лендіріп отырды. Ол Үкіметтің «Қызыл Ту» орденіне лайық. 43-гвардиялық ат­қыштар полкының командирі гвардия подполковник Иванников». 
Командирдің қолы және 43-гвардиялық полктың мөрі басылған. Бірақ полк ко­ман­дирінің баяндамасында батыр жерле­сіміздің қаза тапқаны туралы айтылмайды. Архивтен алынған басқа құжаттарда Дархан Жұбанышовтың 1944 жылдың 16 шілдесінде Неман өзенінен өтерде ерлікпен қаза тапқаны және нақты жерленген жері көрсетіледі. 
Кейіннен толтырылған құжаттарда жер­лесіміздің қаза тапқан күні 1944 жылдың 17 шілдесі деп көрсетіледі, ал жерленген жері деп – Литва ССР-і, Алитус ауданы, Жильва деревня­сынан оңтүстік-шығысқа қарай 1500 метр жерде орналасқан деп айтылады. 
3-Белоруссия майданының 1944 жылдың осы күндеріндегі әскери қимылдарының есебіне негізделген зерттеулерде майданның әскери бөлімдері Неман өзенінен өтерде жалпы ұзындығы – 28 км, ені – 1,5-2 шақырым болатын бір­неше плацдармдарға ие болған екен. Сол плацдармдар майданның полктары мен диви­зияларының ешбір тоқтаусыз Неман өзенінен өтіп, шабуылдарын бәсеңдетпей, одан әрі Балтық теңізінің жағалауына қарай шабуылдар жасауына мол мүмкіндіктер жасайды. 
Салыстыру ретінде айтсақ, 1943 жылы күз айын­да Қызыл Армияның бірнеше майда­нының барлық бөлімдері үшін Днепр өзенінен өтуде осындай плацдармдар даярлаған мо­бильді топтарға Кеңес Одағының Батыры атақ­­тары берілгенін білеміз. Дәл сондай стра­тегиялық маңызы бар Неман өзенінен өтерде плацдарм даярлаған топқа не үшін Батыр атағы берілмей қалғаны біз үшін түсініксіз. Біздің ойымызша, Дархан Жұбанышов тобы нағыз батырларға лайықты ерлік жасаған және де Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты еді деп айтамыз.
Дархан Жұбанышов және оның қару­ластары Неман өзенінен өтер кезде ерлік жа­сап қаза тапқаннан кейін бір айға жетпей­тін уақыт ішінде, нақтырақ айтсақ, 1944 жылы 12 тамыздағы КСРО Жоғары Кеңесі Пре­зи­диумының Жарлығымен 16-гвардиялық ат­қыштар дивизиясы Неман өзені бойындағы неміс әскерлерінің қорғанысын бұзып өткені үшін және осы бағыттағы батырлығы мен ерлігі үшін, жоғары басшылықтың неміс басқыншыларымен күресте тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін II дәрежелі Суворов орденімен марапатталады. 
Дархан Жұбанышовқа Батыр атағы беріл­месе де, оны жерлестері нағыз батыр ретінде са­нады. Соның бір көрінісіне Ақеспе ауылын­дағы №80-Сарбасат 8 жылдық мектебіндегі пионерлер отрядына батырдың есімінің берілгені жатады. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін батыр есімін ұмытпау және мәңгі есте сақтау үшін Сексеуіл кентіндегі бір көшеге Дархан Жұбанышов есімі беріледі. 

Берекет КӘРІБАЕВ, 
тарихшы, 
ҰҒА академигі

Тэгтер:

Қазақ ардагер Екінші Дүниежүзілік соғыс батыр Ұлы Отан соғысы ҰОС Дархан Жұбанышов