Ақын Мұхтар Шахановтың жары белгілі ғалым, педагог Розалинда Әшірбайқызы Шаханова дүниеден өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай университет ұжымы мен білім алушылары белгілі ғалым, педагог Розалинда Әшірбайқызы Шаханованың дүниеден өтуіне байланысты туған туыстары мен жақындарына көңіл айтады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Розалинда Шаханова – 1951 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. QyzPU-дың «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығына түсіп, оны 1974 жылы тәмамдаған. Бес жылға жуық орта мектепте тәрбиеші және орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істеген.
Ғылымға шынайы бет бұрған Розалинда Шаханова 1990 жылы кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шыққан. 1993 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша екінші жоғары білім туралы диплом алған. Сонымен қатар сол жылы доцент ғылыми атағына ие болды.
2004 жылы тәжірибелі де жоғары білікті маман ретінде QyzPU-ға қызметке шақырылып, 2008 жылға дейін оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор лауазымын атқарған.
Розалинда Шаханова бірқатар оқу және оқу-әдістемелік құралдар мен көптеген ғылыми мақалалардың авторы. Оның ғылым мен білім берудегі ісін жалғастырушы ізбасарлары да аз емес.
Ғылым мен білім беру саласына қосқан зор үлесі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» сияқты атақтарға, ҚР Ғылым және білім беру министрлігінің «Ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін», «Ы. Алтынсарин», QyzPU дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» медаліне және тағы басқа да көптеген марапаттарға ие болған.
Розалинда Әшірбайқызы өзіне алғаш ғылым есігін ашқан QyzPU-мен өмірінің соңына дейін байланысын үзбеген. Жыл сайын мемлекеттік емтихан комиссиясына төрағалық етіп жүрді.
Өмірі өнегелі, ғылыми және ағартушылық мұрасы мол Розалинда Әшірбекқызы Шаханованың жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмақ емес. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.