Шымкент қаласында ер адам бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасаған. Салдарынан әйел ауыр жарақаттар алған, деп хабарлады turkystan.kz.
Төрт баланың анасы болған жәбірленуші мүгедек болып қалуы мүмкін. Бұл адам шошырлық оқиға өткен аптада болған.
Адвокат Жанна Уразбахованың айтуынша, бұрынғы күйеуі оның тамағын кесіп, жұлын миына зақым келтірген. Жәбірленуші тірі қалған, алайда дәрігерлер оның енді жүре алмай қалуы мүмкін екенін айтып отыр.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оған қатысты «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, іс Шымкент ПД басшылығының бақылауында.
Оқиғаның егжей-тегжейін құқық қорғаушы Жанна Уразбахова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, бұл қылмысқа жәбірленушінің бұрынғы күйеуі күдікті ретінде танылған.
«Міне, осылайша, салқынқандылықпен өз балаларының анасына қол көтерді. Әйел аман қалды, бірақ ол нәпсіқұмардың кесірінен жұлын миы зақымданды. Бұл дегеніміз — енді ол, үлкен ықтималдықпен, өмір бойы жүре алмайды», — деп жазды адвокат Instagram парақшасында.
Сондай-ақ адвокаттың сөзінше, ұсталғаннан кейін ер адам өз-өзіне қол жұмсамақ болып, тамырын кескен. Алайда дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, аман қалған.
«33 жастағы жас келіншек, төрт баланың анасы, енді ешқашан жүре алмауы мүмкін деген ой жаныма қатты батады. Мұндай қатыгездікті қалай түсіндіруге болады?» — деді Жанна Уразбахова.
Қазір зардап шеккен ананың туыстары оған қажетті медициналық құрылғыларды алу үшін көмек жинауды бастады.