Бірнеше күн бұрын Меркедегі жанармай құю бекеттерінің бірінде белгісіз ер адам мотоцикл мінген азаматқа пышақпен шабуыл жасаған болатын. Бұл іс қоғамда резонанс тудырған еді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Істің тергелу барысын ІІМ басшысы бақылауға алған. Ведомство істің мән-жайына қатысты ақпарат берді.
Қазір «Қару қолданып, бұзақылық жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ ІІМ орынбасары Санжар Әділов тергеу барысында басқа бапқа ауыстырылуы мүмкін екенін айтты.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Пышақ тәркіленді. Сот санкциясымен ол күдікті деп танылып, екі айға қамалды», – деді Әділов.
Ал зардап шеккен мотоциклші Алматыда ауруханада ем алып жатыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
«Жәбірленушінің адвокаты ауруханаға күдіктінің туыстары келіп, кешірім беру туралы қолқа салмас үшін күзет қою туралы өтініш берді. Адвокаттың өтініші қанағаттандырылды. Бүгін таңертең күзет қойылды. Тергеу жалғасып жатыр», – деді вице-министр.