Бүгін М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің өкілдері курсанттармен және бастапқы даярлық тыңдаушыларымен кездесу өткізді.
Іс-шара «Заң мен Тәртіп» идеологиясын нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ІІМ арасындағы бірлескен жоспарды жүзеге асыру аясында өтті.
Оған 140-қа жуық курсант пен тыңдаушы, сондай-ақ институт басшылығының және Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері қатысты.
Жиында Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы, полковник Башев Талғат және институт бастығы, полиция полковнигі Есболаев Ғалымжан кіріспе сөз сөйледі. Сондай-ақ, қауіпсіздік қызметі мен превенция басқармасы өкілдерінің сөз сөйлеуі тыңдалды, содан кейін курсанттардың сұрақтары мен диалог алаңы өтті.
Іс-шара барысында 2022-2024 жылдары өңірдің ішкі істер органдарында жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды талдауға ерекше назар аударылды. Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметтері бойынша, аталған кезеңде 30 сыбайлас жемқорлық қылмыс тергелген, оның 24-і парақорлықпен байланысты. Сотталғандардың арасында патрульдік полиция қызметкерлері, Көші-қон қызметінің, ҚАЖ мекемесінің өкілдері, сондай-ақ аудандық полиция бөлімдері мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары бар.
Жас курсанттармен осындай кездесулер сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға, құқықтық сананы арттыруға және құқық қорғау органдарының әрбір қызметкерінің дербес жауапкершілігін еске салуға арналған.