Майсана майы мен лимон қосылған кофе: TikTok-тағы тез арықтауға арналған трендтердің шындығы

16 сәуір, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: ЖИ

Салмақ тастауға арналған жалған мәлімдемелер әлеуметтік желілерді жаулап алды: онда миллиондаған қолданушылар жылдам нәтиже беретін рецепттермен бөлісіп жатыр.

TikTok платформасында қолданушылар әртүрлі контент, соның ішінде DIY (өзің жаса) форматындағы видеолар алмасады. Онда сұлулық пен денсаулыққа байланысты түрлі әдіс айтады.

Солардың қатарында үйден шықпай-ақ арықтауға көмектеседі дейтін сусындар рецепті мен теріге май жағу схемалары бар. Бұл видеолар TikTok-та кеңінен тарап жатыр.

2025 жылы TikTok-та кең таралған екі басты тренд – майсана майын қолдану және лимон қосылған кофе ішу. Бірақ олар қаншалықты шындыққа жанасады?

Майсана майы

TikTok-тағы салмақ тастау трендтерінің бірі – майсана майын ішке жағу. Қолданушылардың айтуынша, майсана бұршақтарынан алынған бұл майды күн сайын ішке ысқылап жағу арқылы бірнеше аптада қарынды кетіруге болады

Алайда, Dietitian UK директоры, диетолог Прия Тью мұның шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның айтуынша, майсана майын теріге жағудың зияны жоқ болғанымен, ол арықтауға көмектеспейді.

«Бұл ішкі ағзаңызға әсер ете алмайды. Яғни біз шын мәнінде терімізді ылғалдандырып жатырмыз. Егер ылғалданған ішіңіз болсын десеңіз, мархабат», – дейді ол.

Тью әлеуметтік желілердегі контентке сын көзбен қарау қажеттігін ескертеді:

«Мұндай видеоны көріп, бірден әсерге беріліп кету оңай. Бірақ олардың көпшілігі – жалған».

Суррей университетінің тамақтану саласы профессоры доктор Адам Коллинз те осы пікірде:

«Метаболикалық тұрғыда бұл сіздің тері астындағы немесе ішкі майларыңызға еш әсер етпейді», – деді ол Euronews Health-ке берген сұхбатында.

Лимон қосылған кофе

Тағы бір танымал тренд – кофеге лимон қосып ішу. Бұл комбинация метаболизмді жылдамдатып, майды тезірек жағуға көмектеседі деп есептеледі.

Бірақ Коллинз бұл да шындыққа жанаспайтынын айтады:

«Бұл сіз кенет жүздеген калория немесе грамдаған май жаға бастайсыз дегенді білдірмейді. [...] Тек кофеин мөлшерін қатты арттырсаңыз ғана әсер етуі мүмкін. Бірақ ол өзге жағымсыз салдарға әкеледі».

Ол сондай-ақ мұндай ішімдіктердің көбін тамақтың орнына ішу қажет екенін, ал бұл қауіпті екенін айтты.

«Олар мұны бейсаналы түрде тамақтың орнын алмастыру ретінде пайдаланады... Ал бұл тәсілді насихаттайтын адамдар мұнымен бас қатырмайды. Олар тек сату мақсатын көздейді», – деді Коллинз.

Католиктік Лёвен университетінің адам тамақтануы кафедрасының профессоры доктор Кристоф Маттис те кофе метаболизмді сәл жылдамдатып, зейінді арттыра алатынын мойындағанымен, оның салдары керісінше болуы мүмкін дейді:

«Кофеин көп тұтынған жағдайда ұйқының бұзылуы мүмкін. Бұл гормоналдық өзгерістерге әкеліп, аштықты басу реакциясын тежейді де, адамды керісінше көбірек жеуге итермелейді».

Адастыратын мәлімдемелердің ықпалы

Әлеуметтік желілердегі трендтер тек дұрыс емес диеталарға итермелеп қана қоймай, адамның тамаққа деген қатынасын да өзгертуі мүмкін.

«Адамдарда физиологиямен немесе иммунологиямен мүлде байланысы жоқ оғаш қарым-қатынас пайда болады. Бұл көбіне психологиялық мәселе. Нәтижесінде қалыпты тамақтануға қайта оралу қиынға соғады, әсіресе жастар үшін», – дейді Маттис.

Прия Тью кез келген диета немесе тренд оңай шешім болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде тұрақты нәтиже ұзақ мерзімді жұмыс пен әдет қалыптастыруды қажет ететінін айтады.

«Өмір салтыңызға аз ғана өзгеріс енгізіңіз. Мысалы, күнделікті рационыңызға қосымша жеміс қосу немесе чипс орнына жаңғақ жеп көру. Осындай кішкентай өзгерістерді ұзақ мерзімде тұрақты ұстансаңыз, олар үлкен нәтиже береді», – дейді ол.

Тэгтер:

арықтау кофе лимон салмақ тастау тез тренд майсана майы арықтататын