"Импланттың орнын басуы мүмкін": Ғалымдар зертханада адам тісін өсіріп шығарды

16 сәуір, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Лондондағы Корольдік колледждің мамандары алғаш рет зертханалық жағдайда адам тісін өсірді, деп хабарлайды Independent. Зерттеуді жүргізген мамандардың қатарында колледждің регенеративті стоматология бөлімінің директоры доктор Ана Ангелова-Вольпони бар.

Зерттеу он жылдан астам уақыт бойы жүргізілген. Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық болашақта пломбалар мен тіс импланттарының баламасына айналуы мүмкін. Мамандар тістің өсуіне қажетті ортаға ұқсас материал жасап шығарған. Бұл орта жасушаларға сигналдар жіберуге және тісті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Импланттардан айырмашылығы, науқастың өз жасушаларынан өсірілген тіс жақ сүйекке табиғи түрде "еніп", орнығып кете алады.

Қазір ғалымдар екі әдісті зерттеп жатыр. Біріншісі – тісті алдымен зертханада өсіріп, кейін жақ сүйекке имплантациялау. Екіншісі – тістің бастапқы даму кезеңінде оны науқастың жағына орналастырып, сол жерде әрі қарай табиғи түрде өсуіне мүмкіндік беру. Бұған дейін жапон тіс дәрігерлері тіс протездері мен импланттарға балама ретінде жаңа препаратты сынақтан өткізіп жатқаны хабарланған болатын. Қазан айында Киото университетінің ауруханасында клиникалық сынақтар басталды.

Ересек еріктілерге жасырын тістердің өсуін ынталандыру үшін антиденелер негізіндегі тәжірибелік дәрі енгізілді. Ғалымдардың айтуынша, адамдарда тістердің екі жиынтығы (сүт және тұрақты тістер) өседі. Алайда Осака қаласындағы Китано ауруханасының Ауыз хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Кацу Такахашидің айтуынша, қызыл иектің астында «ұйқыда жатқан» үшінші буын тістердің бастамасы бар.

Жапон дәрігерлерінің пікірінше, протездеуге қарағанда табиғи тістерді қалпына келтіру арзанырақ әрі пациентке аз қолайсыздық туғызады.

Тэгтер:

ғалымдар тіс тіс өсіру Жаңа имплант тіс шығу