Қазақстан мен Беларусь екіжақты әскери ынтымақтастықты арттырмақ

16 сәуір, 2025 / Інжу Әлихан
gov.kz

Қазақстанға Қарулы күштер Бас штабының бастығы – Беларусь Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-майор Павел Муравейко бастаған шетелдік делегация келді.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Беларусь әскери делегациясы басшысымен өткен хаттамалық кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасы атап өтілді. Тараптар әскери қауіпсіздік саласындағы диалогты нығайту қажеттігін растады.

Кездесуге қатысушылар екі мемлекеттің әскери-оқу орындарында офицерлер құрамын оқытуға, Беларусь аумағында да, Қазақстанда да екіжақты оқу-жаттығулар өткізудің жоғары қарқынын сақтаудың маңыздылығына, бітімгерлік қызметке қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.

– Қазақстан-Беларусь әскери ынтымақтастығы жыл сайын дамып, нығайып келеді.  Өткен жылы Қазақстан тауларында алғаш рет Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Беларусьтің Арнайы операциялар күштерінің қатысуымен "Бауырластық шыңы" екіжақты оқу-жаттығуы өткізілді. Қазақстандық десантшылар  Беларусьтің  неміс-фашист басқыншыларынан азат етілуіне 80 жыл толуына және Тәуелсіздік күніне орай өткен шеруге қатысып, қазан айында Брест маңындағы "Орман бауырластығы-2024" жаттығуларына аттанды. Осы іс-шаралардың барлығы біздің елдерімізді жақындастырып, жақын, сенімді қарым-қатынастарға баса назар аударады, – деп атап өтті Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Сонымен қатар, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелері, атап айтқанда Минск Суворов әскери училищесі тәрбиеленушілерінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған "Айбын" әскери-патриоттық жиынына қатысуы айтылды..

Астанада екі ел Қарулы күштері Бас штабтарының бастықтары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен генерал-майор Павел Муравейко әскери-стратегиялық зерттеулер орталығында, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде, Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында болып, мекемелердің құрылымымен және қызметімен танысты.

Ресми сапар Алматыда жалғасады. Онда Армия үйіндегі әскери-тарихи мұражай филиалына және 28 панфиловшылар паркіне бару көзделген. Шетелдік қонақтар үшін ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының "Бітімгер" оқу орталығында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Оларға ҰҰА бөлімшелері мен бітімгерлердің практикалық іс-әрекеттері көрсетіледі.

Тэгтер:

Қорғаныс министрлігі Беларусь Республикасы