«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы өңір әкімдігімен бірлесіп «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясы аясында «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуенін бастады.
Игі іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылуда.
Керуен құрамында білікті дәрігерлер, заңгерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, қоғам белсенділері, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері бар.
Іс-шараның ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сұрапыл жылдардағы майдангерлер ерлігі мәңгі ұмытылмайтынын жеткізді.
«Ел тағдыры, жер тағдыры сынға түскен кезде небары 400 мың тұрғыны бар Жамбыл облысынан майдан даласына 100 мыңнан астам адам аттанды. Бүгінде сол майдангерлердің арамызда алтауы ғана қалды. Сондай-ақ аймақта ҰОС ардагеріне теңестірілген 110 азамат бар. Олардың да майдан даласындағы ерен еңбегі ұмытылмайды. Біз ерлігі тарих бетіне алтын әріппен жазылған ардақты ардагерлеріміздің өнегелі өмір жолын үлгі тұтамыз. Бұл жеңіске халқымыздың қажыр-қайраты, батыр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегі арқылы қол жеткіздік», – деді Дауыл Бейсенқұлов.
Оның айтуынша, «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуені ардагерлердің тұрмысын жақсарту, патриотизм мен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Өз кезегінде, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев әлеуметтік автокеруен Отанымызды жаудан қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың ерен ерлігін дәріптейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол жеңіс күнін жақындатуға тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосқанын жеткізді.
Керуен аудандарға Тараз қаласында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан салтанатты түрде жолға шықты. Аталған керуен 15-17 сәуір аралығында облыс аумағындағы 10 ауданды аралайды. Оның аясында соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және шалғайдағы елді мекен тұрғындары білікті медицина мамандарынан көмек алады, заңгерлер түрлі мәселе бойынша кеңес береді. Жастар көмекке мұқтаж ардагерлерге үй шаруасын реттеуге көмектеседі.