Семейде жаңа Достық үйі салынады

15 сәуір, 2025 / Інжу Әлихан
Абай облысының әкімдігі

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған кеңейтілген кеңес өтті.

Жиынға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық институттардың өкілдері қатысты.

Бүгінде облыста 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жыл басынан бері қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылған.

Кеңесте сөз алған облыс әкімі Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің бірегейлігін айқындайтын, азаматтық тұтастығын арттыратын, этносаралық келісімді нақты іспен жүзеге асыратын маңызды қоғамдық институт екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қоғамдық-саяси реформаларының нәтижесінде бұл маңызды институттың қызметіне тың серпін, жаңа мазмұн беріліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Президентіміз: «Ынтымағы бекем жұрттың болашағы баянды болады. Ел бірлігін нығайту және Отанымызды өркендету – қасиетті парыз», – деп нақты міндет қойды.

«Бұл – баршамыз үшін ортақ тарихи жауапкершілік. Дана халқымызда «Ынтымақты елге бақ қонар» деген аталы сөз бар. Бұл тұрғыдан алғанда «Ассамблея» – сенім мен сыйластықтың алаңы, татулық пен тұрақтылықтың тірегі. Этностардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін құрметтей отырып, бәрімізді біріктіретін – бір мүдде мен ортақ болашақ. Отанымыздың іргесі берік, шаңырағы қашанда биік болсын! Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын!»,- деді аймақ басшысы.

Тэгтер:

Семей Достық үйі