Ақтөбеде TikTok-қа қару ұстап түскен суреттерін жариялаған оқушылар ұсталды

15 сәуір, 2025 / Алуа Арман
polisia.kz

Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында жасөспірімдердің атыс және суық қару ұстаған фотосуреттерін анықтады, – деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, TikTok әлеуметтік желісінде 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша тәрізді заттарды ұстап түскен бірнеше фотосурет жариялаған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке басы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.

Тексеру барысында анықталғандай, олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі – аудандық мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы болып шықты.

Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді.

Тәртіп сақшыларына олар бұл әрекеттерге контент үшін барғандарын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсатында емес, тек қызығушылықтан жасағандарын түсіндірді.

Аталған факт бойынша кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, олар профилактикалық есепке алынды.

Жарияланған посттар жойылып, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды.

Тэгтер:

Ақтөбе оқушылар Тапанша қару