«АрселорМиттал Темиртау» комбинатына тексеріс жүргізілмек
«АрселорМиттал Темиртау» комбинатына тексеріс жүргізілмек
«АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның металургиялық комбинатында экологиялық заңнама талаптарының орындалуына қатысты жоспардан тыс тексеру басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Теміртау әкімдігінің өкілдері Қарағанды облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасына комбинатта құрыш өндіру кезінде қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың мөлшерін анықтау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы өтініш берді. «Жоспардан тыс тексеру мәселесі жекелеген азаматтардың комбинаттың қоршаған ортаның ластануына септігін тигізіп отыр деп алаңдаушылық білдіруіне байланысты басталды. Мұндай хабар жергілікті тұрғындардың бірінен әкімнің блогына түскен. Біз мәселе туралы ойлана келе тексеру жүргізу қажет деп шештік»,-деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Цай.
Оның айтуынша, Теміртауда ұйымдастырылған экономикалық бекеттер күн сайын ауаның тазалығын тексеріп отырады. «Әзірге заңда белгіленген мөлшерден артық ластану жағдайын анықтаған жоқпыз», - деді Владислав Цай. Әкімнің орынбасарының сөзінше, тексеру жұмыстары жақын күндері басталады. Теміртау қаласы әкімнің баспасөз хатшысы Ольга Горячеваның сөзінше, кәсіпорын құрыш өндіру көлемін ұлғайтқан жоқ. Соған қарай зиянды қалдықтардың артуы да орын алмауы керек еді.
«Өндіріс көлемі ұлғайған жоқ, яғни зиянды қалдықтар да көбеймеуі керек. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының есебінде 23 экологиялық жоба 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілген. Ауа атмосферасын қорғау бойынша 7 жобаны, ал, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 3 жобаны жүзеге асыру көзделген», - деді Ольга Горячева.