Павлодарда 2 жастағы бала бесінші қабаттан құлап кетті

13 сәуір, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Павлодар қаласында екі жасар бала бесінші қабаттағы терезеден құлап, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Естай көшесінде болған. 2022 жылы туған бала шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы аса ауыр деп бағалануда.

«Бала жабық бас-ми жарақатын, ми шайқалуын, миға зақым келуін, өкпе контузиясын және ішкі ағза жарақаттарын алған. Ауруханаға жеткізілген сәтте бала команың бірінші дәрежесінде болған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр»,– деп хабарлады дәрігерлер.

Оқиға бойынша тексеру жұмыстары басталды.

Полиция департаменті ата-аналарға балаларды қадағалаудың маңыздылығын ескертті.

«Балаларыңызға аса мұқият болыңыздар! Олар әрдайым сіздердің бақылауларыңызда болсын. Баланың қауіпсіздігі — ата-ананың қолында. Балалардың өмірі мен денсаулығына ата-аналар ғана жауапты»,– делінген ПД хабарламасында.

Ресми деректерге сәйкес, өткен жылы Павлодар облысында балалардың терезеден құлауына қатысты 13 жағдай тіркелген. Маман пікірінше, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін терезелерге арнайы құлып орнатужәне балаларды қараусыз қалдырмау қажет.