Робототехниканы қазақ тілінде үйретеміз – ДЦП дертіне шалдыққан кәсіпкер

12 сәуір, 2025 / Ақбота Әбілтай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазір еңбек етемін деген жанға мүмкіндік жетерлік. Интернет жетістікке жетемін деген әр жанға мүмкіндіктер есігін ашты. ДЦП дертіне шалдығып, бала күнінен арбаға таңылған жетісулық Дамир Нұркежанов – Интернеттің ерекше «қабілетін» ерте меңгерген жанның бірі. Бала күнінен техникаға құмар болып өскен Дамир денсаулығына байланысты отырып жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мамандықты жанына серік еткен.

«Қазіргі Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Матай ауылында дүниеге келдім. 11 жылдық мектепті сол ауылда тәмамдадым. Төменгі сыныптарда денсаулығыма байланысты үйден оқыдым. Жоғары сыныптарда ҰБТ-ға дайындалу керек болғандықтан мектепке барып оқыдым. ҰБТ-да 100 ұпай жинап, Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Бала күнімнен техникаға құмар болдым. Үйдегі сағат,  DVD диск, магнитофондарды «шашып» тастап, кейін қайта құрастыратынмын. Бір шашқаннан кейін тура солай жинай алмаймын, бірақ о жақ, бұ жағын аударып-төңкеріп қарап, жіті зерттейтінмін. Әр техниканың қалай жұмыс істейтіні қызық болатын. Ата-анам «Мұны қоя ғой» деп ештеңеден шектемейтін. Көп нәрсені YouTube-тан өзім үйрендім. Біреудің телефоны сынып қалса оны жөндеп беремін. Оқушыларға 500-1 000 теңгеге фонограмма жазып беретінмін. Ауыл тұрғындары үшін фонограмма деген қызық болатын. Клиенттерім көп болды. Күзгі балл кеші, Жаңа жыл қарсаңында бәрі фонограмма жазу үшін менің үйіме келіп алатын. ҰБТ-ға дайындалар кезде оның бәрін тоқтатуға тура келді. Денсаулығыма байланысты маған бір орында отырып істейтін жұмыс керек болды. Экономист боламын немесе ІТ саласына бет бұрамын деп ойладым. Компьютерге құмар болған соң ІТ саласын таңдадым. Сөйтіп ақпараттық желілер, бағдарламалау мамандығына оқуға түстім», – дейді өзі.

Дамир студенттік жылдарын да текке өткізбеген. Белсенді студент болып, жеке кәсібін бастаған.

«Студент кезімде бағдарлама жасақтауды үйреніп алдым. Сосын топтастарыма көмектесетінмін. Инновациялық жобалар жасап, конкурстарға көп қатысатынмын. Мен оқуға түскен жылдары университетте стартап жобалар ашылды. Сол жобалардың аясында инновациялық идеялар бойынша бағыт-бағдар беретін, қаржылай қолдау көрсететін. Сол конкурстарға жыл сайын өз идеяларымды жіберетінмін. Алайда бастапқы үш жылда еш орын алмадым. Соңғы курстарда нақты жобалар ұсынып, жүлдегерлер қатарынан көріне бастадым. Теледидар, ақшалай гранттар ұтып алдым. Сол кезден бастап жеке кәсіп ашу туралы ой келді. Үлгерімім жақсы болғандықтан ең жоғарғы шәкіртақы алатынмын. Бір шәкіртақыма тауар алдырып, сауда жасап көрдім. Ол кәсібім көпке барған жоқ. Бірақ сатуды үйрендім, жеке кәсіпкерлікті қалай жүргізуге болатынын білдім», – дейді ол.

Жеке кәсіпкерлікке деген талпыныс Дамирді жеке мектеп ашуға жетеледі. Осылайша 4 курста оқып жүрген ол тәуекелге бел буып, робототехника мектебін ашқан.

«Ол кезде менің жеке ноутбугым жоқ-тын. Бірақ бағдарлама жасақтауды білемін. Үйренгісі келетін адамдар өздерінің ноутбугын алып келетін. Қай жерде интернет бар, сол жерге отыра қалып үйретіп жүрдім. Кейін достарым келе бастады. Сосын жарнама арқылы клиент тарттым. Бастапқыда тек бағдарлама жасақтау мектебі болады деп ойлағанмын. Ол уақыт – робототехниканың енді дамып жатқан кезі. Оны меңгермесем болмас екенін жете түсіндім. Ол кезде 4 курста оқимын. Университетте жарты ставкамен жұмыс істеймін. Жалақым – 46 мың теңге. Шәкіртақым мен жалақымды жинап, мектептің шығынын жауып отырдым. 3-4 ай солай жүрдім, оқушы аз, табыс жоқ. Түскен азын-аулақ ақшасын мектепке құйдым. Мектептің жұмысын 2019 жылғы қаңтарда бастағанмын. Көктемде облыстық робототехника сайысы өтетінін естіп, оған оқушыларымды қатыстырып, бақ сынап көрейін дедік. Нәтижесінде 2-орынды иелендік. Әу баста бойымды билеген қорқынышты осы жеңіс сейілтіп, ерекше шабыт берді. Демек балаларға пайдасы бар екен ғой, қандай қиындық болса да, осы ісімді жалғастырғаным абзалырақ деп шештім. Оқуымды аяқтап, диплом алғаннан кейін жұмысымнан шығып, түбегейлі осы кәсібімді дөңгелетуге бел будым. Түрлі жарысқа қатысып, бірнеше грант ұтып алдық. Сол бізге көп көмек болды», – дейді Дамир.

Қазір Дамирдің мектебі көп оқушы барғысы келетін білім ошағына айналған. Ол ашқан робототехника мектебінің Талдықорғанда екі бірдей филиалы жұмыс істейді. Онда 180-нен астам оқушы робототехника саласының қыр-сырына қанығып жүр.

«Қазір бір филиалымыз бір ғимараттың бірінші қабатын толықтай алып отыр. Ауданы 100 шаршы метрден асады. Бірінші жылы бір кабинет, екінші жылы екі кабинет болып ұлғайып отырдық. Екінші филиалды былтыр аштық. Сұраныс өте жоғары. Кезекте тұрған балаларымыз да бар. Балалардың жасына қарай топ-топқа бөліп оқытамыз. 5-8 жас аралығы – кіші топ, 8-14 жас аралығы – үлкен топ. 14 жастан асқан жасөспірімдер де келеді, олар басқа топ. Оқушылар мектептегі сабағынан кейін келіп, осында бірнеше сағат робот жасап, үйренеді. Қазір екі филиалда 10 шақты ұстаз, 180-нен астам оқушы бар. Өзім оқушылардан бөлек ұстаздарды да оқытамын. Мектеп мұғалімдеріне жарыстарға қатысу жағынан көмек көрсетеміз. Робототехника бойынша өтетін жарыс көп. Осы айдың өзінде бірнеше жарыс қатарынан өтпек. Оқушыларымыз өткен аптада ғана Алматыда өткен Орта Азиялық жарысқа барып, екінші орын алып келді. Келесі айда облыстық жарыстар өткізілмек. Астана қаласында өтетін халықаралық жарысқа тас-түйін дайындалып жатырмыз. Бірінші республикалық іріктеу кезеңі өтеді. Соған 16 оқушыны баптап жатырмыз», – дейді ол.

Оның айтуынша, робототехниканың бала дамуына пайдасы көп.

«Робототехниканың пайдасы өте көп. Бастысы, көп бала бұл іске қатты қызығады. Робототехникада физика, геометрия, информатика сияқты бірнеше пәннің элементі бар. Бала көзбен көріп, қолмен ұстап ойнайды, ой-қиялы, фантазиясы дамиды. Қандай робот жасайтынын елестетіп, қиялында құрастырады. Роботтың қалай жұмыс істейтінін түсінеді, қолы жаттығады. Ғалымдар ерте жастан қолмен жұмыс істеген баланың ой-өрісі ерте дамитынын дәлелдеген. Әр бала өз роботын жасап біткеннен кейін ата-анасына видеоесеп жібереді. Осылайша презентация жасауға үйренеді. Болашақта кез-келген жерде қысылмай, өзін таныстырып, сөйлей алатын болады. Командалық жұмысқа үйренеді, дос табады. Оқушыларымыз осы уақытқа дейін 77 жүлде алыпты.  Бұл – үлкен нәтиже. Осындай жетістіктерімізді көріп, бір-бірінен естіген басқа ата-аналар өз балаларын ертіп келеді. Қазір робототехника мектептеріндегі негізінен орыс тілінде жүргізіледі ғой. Ал біз сабақты қазақ тілінде де өткіземіз. Ерекшелігіміз де, артықшылығымыз да осы. Басқа қалалардан да сұраныс түсіп жатыр. Болашақта бұл мектепті үлкейткім келеді. Жақында робот шығаратын шеберхана аштық, 3D принтер, лазерлік станок сатып алдық. Роботты тек құрастырып қоймай, оқушылар құрылғылар ойлап тауып, өздері жасап шығарса дейміз. Себебі қазір робототехникаға сұраныс жоғары. Жоғары оқу орындарында осындай мамандықтар ашылып жатыр. Болашақта роботпен жұмыс істейтін кәсіпорындар көбейеді. Ал бізде роботпен жұмыс істеу білетін, техника тілін түсінетін мамандар тапшы», – дейді ол.

Тэгтер:

кәсіпкер Робототехника Дамир Нұркежанов ДЦП