Ұлттық экономиканың мүддесіне қауіп төніп, басына бұлт үйірілгендей болғанда дауысы әріден естіліп, оны сауықтыру жолдарын тереңінен қозғайтын жайсаң азаматпен мәжілістес болғаныма талай жылдың жүзі өтіпті. Жұртшылық арасында «Экономика, қаржы, есеп-қисап саласының жауапты мамандары қазақ тіліне шорқақ» деген түсінік қалыптасқан. Әрі олар елдің алдына шығып, ойларымен бөлісе бермейді. «Сен тимесең, мен тиме» деген ұстаныммен өмір сүргенді қалайтын, алдындағы ақпаратқа ғана сенетін, томаға-тұйық адамдардай елестейді. KAZSERVICE Қазақстанның мұнайсервис компаниялары Одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов құлашын кеңге жазып әңгіме қозғағанда, төрт аяғынан нық тұра алмай тәлтіректеген экономикамыздың сан алуан проблемалары мен шешілу жолдарын соқырға таяқ ұстатқандай көрсетеді.
Коронавирус індеті дүние жүзін әбігерге салған кезді ойлағың да келмейді. Әйтеуір дүрбелеңге түсіп, үрей қаумалаған бір жұрт. Жайбарақаттыққа бойымыз үйренгендікі ме, аяқ астынан алқынып жеткен індетпен алғашында не істеп, не қоятынымызды білмей аңтарылып қалғанымыз жасырын емес. Онсызда жел қай жақтан соқса, соның ығымен жөңкілгісі кеп тұратын экономикамызға коронавирус пандемиясы «таптырмас» жағдай бола кетті. Мұнайдың әлемдік бағасы құлдыраған үстіне құлдырады. Оның шарпуы барлық саланы қамтыды. Көптеген компанияның алды тұралай бастады, жер-жерде жұмыссыздық деңгейі өрши түсті. Осы кезде Рашид Жақсылықов Нартай Аралбайұлының YouTube каналына сұхбат беріп, болған жағдайдан қалай шығамыз, ең бірінші кезекте нендей шаруа қолға алыну керек деген мәселелерді жіліктеп берді.
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі мұнай-газ саласы экономикамыздың локомотивіне айналып, елімізде мұнай өндірісі жыл сайын артып отырғанын, аталған өндірістің дамуында мұнайсервис саласының еңбегі ерекше екенін баса айтты. Дағдарысқа тап болған мұнай өндіруші мекемелер амалсыздан іске қосқан үнемдеу режимі бірінші кезекте мұнайсервис компанияларына тиетінін, бұл саланың бір жыл ішінде мемлекеттік бюджетке 500 миллиард теңге көлемінде салық төлейтінін еске салды. 250 мыңға жуық маман еңбек етіп, бала-шағасын асырап отырған мұнайсервис компанияларын банкротқа ұшыратпай, жұмыс орындарын сақтап қалудың маңызын ескертіп, ірі кен орындарындағы жалпы көлемі 100 миллион доллар болатын келісімшарттарды отандық компанияларға беру, одан жоғары сомадағы келісімшарттарды біріккен компанияларға ұсыну мәселесін тездетіп шешу керек екенін, Ұлттық Банк келісімшарттарға кепіл бола алатын төменгі пайызбен берілетін несиені шешсе екен деген де ұсынысын батыл айтты.
Қашан көрсең де, тың идеяларын жүзеге асырсам деп шапқылап жүрген Рашид Жақсылықовтың бастамасымен 2011 жылы Қазақстанның мұнайсервис компаниялары Одағы шаңырақ көтерді. Осынау үкіметтік емес бірлестік осы жылдар аралығында көптеген жобаның сәтімен жүзеге асырған. О баста бұл Одаққа Атырау облысы аумағында жұмыс істеп жатқан 2 компания мүше болса, қазір оның саны 200-ден асады. 2017 жылы қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс талқыланған кезде Рашид Хасенұлы басқарып отырған Одақ мұнай өндіретін алпауыт компаниялардың мүддесін қорғайтын топпен айтысып-тартысып жүріп, отандық мұнайсервис компанияларының мүддесін жығып беретін кей түзетулердің қабылдануына үзілді-кесілді қарсы шықты. Нәтижесінде, көңілге күдік ұялататын түзетулер енгізілмей, жүздеген отандық компанияның қалыпты жұмыс жасауына орай туды. Мұндай ауқымды шараны табандылықпен қорғауға терең кәсіби білім, халықаралық аренада үлкен салмағы бар алпауыт компаниялардың ығына жығылмайтын принципшілдік пен ел мен жерді сүйетін үлкен жүрек керек еді. Жыл сайын дәстүрлі түрде Мұнайсервис компаниялары Одағының бастамасымен «Казнефтегазсервис» халықаралық конференциясы дәстүрді түрде өтіп келеді. Мемлекеттік органдар мен мұнайсервис компаниялары арасындағы пікірталастар мен шешімі табылмай жүрген шаруаларды пысықтау, «ТШО», NCOC, Karachaganak Petroleum Operating B.V. сынды ел аумағындағы ірі мұнай операторларының қазақстандық үлесін барынша кеңейту сынды маңызды жұмыстардың барлығы Рекеңнің назарында. Осы күндері аталған ірі жобаларда отандық мұнайсервис компаниялары келісімшарттарға қол жеткізіп, жұмыс көлеміне ие болса, мұның барлығы Мұнайсервис компаниялары Одағы төралқа төрағасының жауапты жұмысының нәтижесі деп білгеніміз жөн. Одақ қолынан іс келетін отандық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына да барынша қолдау көрсетіп келеді.
«Қазба байлыққа сене бермей, экономиканы әртараптандыру керек», – деген ұстанымды басшылыққа алған Рашид Хасенұлы тек қана мұнай өндіруге арқа сүйеудің аздық ететінін үнемі алға тартады. Төрт түлікті өсіруді жаңа деңгейге көтеруге мән беру керек дейді. «Қай бір жылдары Мажарстанның қасапханасында болып, сиырды қалай соятындарын бақыладым. Әлгілер ірі-қараны бауыздап, жіліктеу кезінде оның бір тамшы қанын жерге тамызбай, арнайы ыдысқа құйып, балықтарға жем ретінде ұсынады. Мұқият өңдеуден өткізілген сиыр терісі Италияға жіберіліп, ал орташа деңгейде өңделгені Түркияға экспортталады. Жеуге келмейді деген ішкі ағзалары өңделіп, ауыл шаруашылығына тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. Ол жақта төрт-түліктің еті сүйексіз сатылады. Жұмсақ етінен айрылған сүйектерді барынша майдалайды. Бұл ұнтақ кейіннен терісі өте бағалы құндыздардың жеміне дәрумен ретінде қосылады. Мұндай жеммен қоректенген құндыздардың терісі жарқырай түсетін көрінеді. Ол тері одан әрі Грекияға экспортталады. Қалдықсыз өндірістің осынау қарапайым әдісі мені таңғалдырды. Ал енді біздің фермерлер қалай жұмыс жасайды. Ірі-қараның басын көбейткенімен, етінің аздығын, басқа да жағдайларды айтып, тиімсіздігін алға тартады. Міне, парадокс. Сиырдың тек еті мен сүтіне ғана сенім артсақ, ол, әрине, қазіргі нарық жағдайында тиімсіз. Мажарстаннан келген соң, отандық фермерлердің тәжірибесін зерттей бастадым. «ҚазАгро» ұлттық компаниясының тәжірибесіне сүйенсек, компания салмағы 700 келі тартатын бұқаны сонау жерден сатып әкелгенімен, отандық 150 келілік қашармен шағылысады. Нәтижесінде, бұзаулау кезінде әлгі сиыр өліп қалады. Аталығы ірі бұзаудың салмағы 70 келі тартады. Осы жағы ескерілмеген. Екіншіден, неліктен бізде балық шаруашылығы дамымай отыр? Көрші мемлекетте біз үшін нарық дайын. Ресей халқының 90 пайызы ең пайдалы тағам ретінде балықты сүйсініп жейді. Талдықорғанда тұрғанымда зейнеткер көршілерім үнемі табан балық сатып алатын. Кейіннен білсем, табан тек өзге балықтардың уылдырығымен қоректенеді екен. Соған сәйкес, еті пайдалы әрі таза. Өзге балықтар тәрізді балдырмен қоректенбейді. Бекіре сынды аса бағалы балықтарды өсіреміз деп бас қатырмай-ақ, осы табанның тұқымдарын Каспий, Балқаш, Арал, Алакөл, Зайсан сияқты су бассейндеріне жіберіп, әріге бармай-ақ Ресейге неге экспорттамасқа? Қаншама жұмыс орындары ашылып, бюджетке де қосымша салық құйылар еді», – дейді ол.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген маңызы жойылмайтын құнды пікірін қашан басшылыққа алар екенбіз?!
Қайбір жылдың шіліңгір шілдесінде Талдықорғанға жолым түскені бар. Кезекті демалысын ата-анасының қасында өткізіп, алаңсыз рахаттанып жүрген Рекеңді көре алмадым. 30 сотыққа шағын жылыжай салудың қамымен әбігерге түсіп жүр. «Мына өзбек ағайындар аз шығын жұмсап, көп табыс табуды жетік меңгерген. Осы 30 сотықты үнемді пайдалана білсе, жылына ондаған миллион теңге таза пайда табуға болатын көрінеді. Іргедегі қаланың базарына апарып, экологиялық таза өніммен тұтынушыларды разы етудің өзі қандай сауап десеңші. Жас болса келіп қалды. Ертеңгі күні зейнетке жеткенде осы жерді ермек қыламын ба деген ойым бар», – дейді жымиып.
Ғұмыр бойы жұмысқа жегіліп, бейнет кешкен Хасен ақсақал мен ондаған жыл жүздеген шәкіртті білім нәрімен сусындатқан Орынбасар апайдың тағылым-тәрбиесін болмысына әбден сіңірген, асқаралы алпыс жастың асуына көтерілген Рашид Жақсылықов сынды ардакүрең азаматтың қолға алған қай-қай ісі ақ жол тілеуге әбден тұрарлық.
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ