Саранда дүкен сатушысын өлтірген күдіктінің ісі сотқа жолданды

10 сәуір, 2025 / Админ
pixabay.com

Саран қаласында азық-түлік дүкенін тонау және сатушыны өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істің тергеуі аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қарағанды облысының Полиция департаментінің мәліметінше іс материалдары қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданған.

Бұған дейін 50 жастағы күдікті кісі өлтіру ойында болмағанын, тек ақша үшін дүкенді тонамақ болғанын айтқан еді. Қазір ол қамауда отыр.

Қаза тапқан сатушы келіншек 27 жаста болған. Көршілерінің айтуынша ол сатушы ғана емес, дүкеннің иесі де болған. Дүкенді өлерінен аз уақыт бұрын ғана ашқан. Артында жары мен жас балалары қалған.

Айта кетейік, бұл қайғылы жағдай биылғы жылдың 22 қаңтарында болған. Күдікті азық-түлік дүкеніне келіп, сатушыға пышақпен шабуыл жасаған. Келіншек алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.

 

Тэгтер:

Дүкен сатушы Саран