Президент Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте, ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, ғалым – ұлттың шамшырағы, – деді Мемлекет басшысы.
Басқосуда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғылымға баса мән берілмегені, көптеген ғалымның басқа салаға ауысып кеткені жайында айтылды.
Соның салдарынан Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің саны үш есе азайып, бұл ахуал ұлттың зияткерлік әлеуетіне орасан зор кесірін тигізген. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғылым саласында жемқорлық фактілерінің көбейіп кеткенін де тілге тиек етті. Мәселен, «Парасат» холдингін басқарған белгілі академик оны әбден тонап, кейін балаларымен бірге АҚШ-тың азаматтығын алып, мұхиттың ар жағына қашып кеткен. Дегенмен бүгінде жағдай оңалып, ғылым қайтадан төрге шыққанын атап өтті. Бұл – мемлекеттің нағыз, адал ғалымдарға сенімі деген сөз.
– Мемлекет ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Мен осыдан үш жыл бұрын Ғылым академиясын жаңғырту туралы тапсырма бердім. Содан бері ауқымды жұмыс жасалуда. Академияға жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Инфрақұрылым жүйесі жаңартылып жатыр. Кадр даярлау ісі жолға қойылды. Былтыр қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң осы үрдістерге тың серпін берді. Құжатта ғылымды басқару тәсілдері нақтыланды. Ғалымдарды әлеуметтік қолдау шаралары айқындалды. Бір сөзбен айтсақ, заңда ғылым жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың мүддесі барынша ескерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ғылым – стратегиялық маңызы бар сала болғандықтан соңғы жылдары бұл бағытқа бөлінетін қаржы 3,5 есе артты, жас зерттеушілерге қолдау күшейді. Мемлекет басшысының пікірінше, осындай қадамдар еліміздің ғылыми әлеуетін арттыра түседі. Қазір Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым болса, олардың жартысы – 40 жасқа толмаған мамандар. Бұл елімізде ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымның алдында тұрған бірқатар маңызды міндетке назар аударды
– Стратегиялық міндеттердің бірі – ядролық ғылым мен технологияны дамыту. Бұл салада Қазақстанның әлеуеті зор. Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық сияқты алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелер іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мамандар даярлап келеді. Атом энергиясын өндіру – тұрақты энергия көзі ғана емес, экономика мен ғылымның жаңа бағыттарын дамытудың негізгі кілті. Бұл ретте ядролық медицина, сутегі энергиясы, суды тұшыту, синтетикалық отын өндіру, шағын модульді реакторлар және тағы басқалары туралы сөз болып отыр. Осы бағытта зор табысқа жету үшін зерттеу инфрақұрылымын нығайту, ғылыми жұмысты күшейту, инженерлік білім беруді жаңғырту қажет. Президент жанындағы Ғылым және техника жөніндегі ұлттық кеңестің алдағы отырысында атом энергетикасын дамыту күн тәртібіндегі басты мәселе болуға тиіс. Сондай-ақ мен Ұлттық құрылтайда ғылым қалашықтарын құру мәселесін көтердім. Ұлттық кеңес осы жұмысқа айрықша назар аударуы қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемде жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды және Қазақстанның аталған салада алдыңғы қатардан көрінуіне толық мүмкіндігі бар деп санайды.
– Адам капиталы – еліміздің бұл бағытта атқаратын жұмысының басты кепілі. Яғни талантты және білімді азаматтарға арқа сүйейміз. Сондықтан ІТ мамандарын даярлауды күшейтіп, оқушылар мен студенттерге жасанды интеллект дағдыларын үйретеміз. Отандық ғылымда мұндай келешегі зор бағыттар көп. Жалпы, ғылымның жүйелі дамуы үшін мемлекет пен бизнес, университеттер мен ғылыми орталықтар күш біріктіруі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.