Ресей Федерациясының Нововоронеж қаласында мектеп оқушылары зейнеткердің үстіне айран құйып, оны мазақ еткен, деп хабарлады turkystan.kz.
Нововоронеж қаласында бір топ қыз бала егде жастағы әйелді қорлап, өз әрекеттерін бейнежазбаға түсірген. Бұл туралы «Нововоронеж» Telegram арнасы хабарлады.
Арнаға түскен видеода қыздардың бірі зейнеткер тұратын пәтердің есігін аяғымен теуіп жатқаны көрінеді. Біраздан соң, әжей есікті ашқанда, қыз оның үстіне айран төгіп жібереді. Бұл сәтті екінші қыз смартфонға түсіріп тұрған.
Оқиғадан кейін жасөспірімдер подъезден жүгіріп шығып, күліп, егде әйелдің реакциясына мәз болған.
Куәгерлердің айтуынша, мұндай бұзақылықтар бұған дейін де болған. Расталмаған деректерге сүйенсек, осы оқиғаға қатысқан қыздардың бірі №1 мектептің 6-сынып оқушысы, жасы — 13-те.
Кейінірек арнада қыздың зейнеткерден кешірім сұрауға шешім қабылдап, оған көмектесуге уәде бергені жөнінде ақпарат шықты.
Ресейдің Тергеу комитетінің Воронеж облысы бойынша басқармасының баспасөз қызметі бұл оқиғаға байланысты тексеру басталғанын хабарлады.