Ван Гог соңғы картинасын салған жерге қатысты сот шешімі шықты

9 сәуір, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: connaissancedesarts.com

Францияның Овер-сюр-Уаз қаласында атақты суретші Винсент Ван Гогтың соңғы картинасын салған деп есептелетін бақша аумағы үшін бірнеше жылға созылған сот дауы аяқталды. Версаль апелляциялық соты жер иелері Жан-Франсуа мен Элен Серленже жұбының мүддесін қорғап, жердің жеке меншік екенін растады.

Даудың негізі – атақты «Ағаш тамыры» (Racines d’arbres, 1890) картинасының салынған жері. Суретші өмірінің соңғы сәттерінде мольбертін бау-бақшаның түбіндегі шатқалға жақын қойып, ерекше шабытпен соңғы туындысын салып үлгерген. Бұл жұмыс көптеген зерттеушілердің айтуынша, оның өмірмен қоштасар алдындағы жан айқайының көркем бейнесі.

Көп ұзамай ол көрші егістік алқабында өз-өзіне қол жұмсайды. Содан бері 130 жылдан астам уақыт өтсе де, осы тыныш бақ бұрышы – тарихшылар мен өнерсүйер қауым үшін ерекше нысанаға айналды.

2020 жылы осы картинаның нақты салынған жері бақ ішінде орналасқанын дәлелдегеннен кейін, Серленжелер өз меншігін өнерсүйер қауымға қолжетімді етіп, экскурсиялар ұйымдастыра бастады. Қазіргі таңда мұнда келушілер саны артқан, ал билет бағасы – 8 еуро.

Алайда жергілікті мэр Изабель Мезьер жер телімін мемлекетке қайтару туралы сотқа жүгініп, бұл аумақ қоғамдық жолдың бір бөлігі және ауыл тұрғындарына тиесілі болуы керек деп мәлімдеген.

Оның пікірінше, "картина — сатылатын зат емес, олар Овер тұрғындарына тиесілі".

Бастапқыда 2023 жылы төменгі инстанция соты үй иелерінің пайдасына шешім шығарған болатын. Ал биыл бұл шешімді Версаль апелляциялық соты да растады:

«Винсент Ван Гог бейнелеген ағаш тамырлары орналасқан жер қоғамдық жолдың бөлігі емес», – делінген ресми үкімде.

Дегенмен, мэр Мезьер сот шешіміне келіспей, әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасап, күресті жалғастыратынын жеткізді:

«Біз апелляцияны жалғастырамыз. Бұл – Овер тұрғындарының қоғамдық мүддесін жеке мүддеге құрбан етпеу мәселесі. Меншікке қатысты сұрақ әлі шешілген жоқ», – деді ол.

Осылайша, Ван Гогтың соңғы шабытын алған бақ бүгінгі күнде де өнер мен құқықтың, тарих пен меншік мүдделерінің күрес алаңына айналып отыр.

Тэгтер:

Ван Гог Ван Гогтың соңғы картинасы «Ағаш тамыры» Винсент Ван Гог