Адал еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерге және халыққа салмақ түспейді – Елнұр Бейсенбаев

9 сәуір, 2025 / Ербұлан Қайрат

Мәжілістегі «АМАNАТ» фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев бүгін ұсынылған Салық кодексінің жобасын әзірлеуде партия депутаттары жұмыла жұмыс істегенін жеткізді.

«Ең алдымен, ел бюджетінің кірісін арттыруда ішкі көздерді барынша тиімді пайдалану, салықтық жеңілдіктерді қайта қарау маңызды», – деді ол.

Депутат жаңа Салық кодексінің жобасында жер қойнауын пайдаланушыларға өте көп салықтық жеңілдіктер ұсынылғанын айтты.

«Мәселен, қолданыстағы кен орындары бойынша жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылған. Бұл дегеніңіз – 100 миллиард теңгедей қаражат», – деді ол.

Одан әрі депутат салық жеңілдіктерінің қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

«Сол сияқты қатты пайдалы қазбаларды өндірушілер де еңбекақы төлеу қорынан басқа барлық салықтан босатылған. Бұл да қыруар қаражат. Бір ғана «Қазақмыстың» екі жобасы бойынша 5 жылда 343 млрд теңге жоғалтады екенбіз. Осы тектес басқа компаниялардың жеңілдігі қанша сома болатынын елестете беріңіздер. Ол триллиондаған теңгені құрауы мүмкін», — деді ол.

Бейсенбаев сонымен қатар, салық реформасының нәтижесінде бюджетке 4 триллион теңге кіріс түседі деген болжамның күмән туғызып отырғанын атап өтті.

«Бұл болжамның нақты есеп-қисабы жоқ. Мұның күмән тудыруы заңды. Осы келелі мәселені де жан-жақты зерттеуіміз қажет», — деді депутат.

Ұлттық қор мәселесіне де тоқталған ол бюджетті толтыру аса маңызды міндет екенін де жеткізді.

«Қазір жаһандық турбуленттік жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Әлемде сауда, тарифтік шиеленістер орын алуда. Осындай жағдайда оңтайлы салық реформасын жүргізу оңай емес екенін түсінеміз. Үкімет алдында бюджет тапшылығын толтыру міндеті тұрғанын да білеміз», — деп мәлімдеді.

Елнұр Бейсенбаев сөзінің соңында «АМАNАТ» фракциясының салық заңнамасының күмәнді тұстарын бірге талқылағанын айтты.

«Фракция салық заңнамасын жетілдіру үшін 7 бағыт бойынша ұсыныс берген еді. Оның да басым бөлігі Үкіметтен қолдау тапты. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша бюджеттік шығыстар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі, отандық кітап шығару, археология саласы қосымша құн салығынан босатылды», — деп фракцияның қол жеткізген нәтижелеріне тоқталды.

Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін арнайы салық режимі енгізілгенін атап өтті.

«Нарықта адал еңбек етіп, қоғам қажетін өтеп жүрген кәсіпкерлерге және халыққа салмақ түспейтін болды», — деді ол.

Қорытындылай келе, Елнұр Бейсенбаев «АМАNАТ» фракциясының жаңа салық кодексінің бірінші оқылымын қолдайтынын және әріптестерін де қолдауға шақыратынын айтты.

Тэгтер:

Салмақ салық кәсіпкер жаңа Салық кодексі халық адал еңбек