Елімізде 2023 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Бұл жоба қазір әр аймақта жүзеге асырылып, халықтың ауылда еңбек етуіне, жұмыссыздар санының азаюына, сонымен бірге тұрғындар табысының артуына оң әсерін тигізіп жатыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылшаруашылығы саласын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жергілікті жұртшылықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама болды. Бұл жоба, сондай-ақ, тұрғындарды агробизнеске тартып, ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің тасын өрге сүйреуді көздеді.
Бүгінде Жетісулық ауылдастар «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсіп дөңгелетіп қана қоймай, өз ауылдарына көмектесуде.
Мәселен, 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 535 ауыл тұрғынына 3,2 млрд теңге көлемінде несие берілген. Бұл қаражаттың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға, қалғаны бизнестің өзге түрлері мен екі кооператив ашуға жұмсалыпты. Ауыл тұрғындары сөйтіп ірі қара, қой, жылқы, барлығы 10 495 бас мал сатып алған. Нәтижесінде 617 жаңа жұмыс орындары құрылып, талай адамның еңбекпен қамтамасыз етілуіне жол ашылған. Ал 2024 жылы 2 млрд 603,8 млн теңгеге 342 өтінім мақұлданып, осылайша 760 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Бағдарламаның шарттарын пайдаланғандардың бірі Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылындағы «Шоқанова» жеке кәсіп иесі Асхат Малимбаев «Ауыл аманаты» жобасы аясында сүт фермасын ашуды жоспарлап отыр. Қазір құжаттарды дайындап, қаржыландыруды күтуде.
Алатау тұқымының 20 сиырын алу жоспарда бар. Кәсіпкердің айтуынша, олар жергілікті климатқа көбірек сәйкес келеді.
«Біздің ауыл тұрғындары сиыр сауады, бірақ сүт өткізетін жер жоқ. Осы кәсіпті бастауға қазіргі кезде қажетті құжаттарды жинап жатырмын. Бұған дейін бағдарлама арқылы несие алдым. Маған бизнесті дамытуға 8 миллион 600 мың теңге қажет болды. Осылайша ауылда наубайхана аштым», - дейді кәсіпкер.
Бүгінде сегіз адам ауысыммен жұмыс істейтін наубайханада күніне 1000-ға жуық түрлі нан өнімдері шығады. Кәсіпкердің жаңа нарықтарға шығу жоспары бар. Кәсіпкер дайын өніммен Кербұлақ өңірінің бірқатар ауылын қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта оны қалаға, басқа да аудандарға тасымалдауды жоспарлауда.
Берекелі бағдарламаның арқасында бүгінде өңірде мал қарасы көбейіп, ет, сүт өндірісі өркендеуде. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдықтардың әл-ауқатының көтерілуіне, тұрмыс жағдайының түзелуіне серпін беруде.