Жасанды интеллект Аустриядағы Вена университетіне оқуға түсті

8 сәуір, 2025 / Ербұлан Қайрат

Аустрияда алғаш рет жасанды интеллект ресми түрде университет студенті атанды.

Венадағы Қолданбалы өнер университеті әлемде алғаш рет жасанды интеллектті ресми түрде студент ретінде қабылдады. «Флинн» деп аталатын нейрожүйе енді цифрлық өнер бағдарламасы бойынша білім алмақ.

Университеттің мәлімдеуінше, «Флинн» кәдімгі талапкерлер сияқты толық қабылдау процесінен өткен: портфолиосын ұсынған, сұхбаттасудан өткен және оқу бағдарламасына сәйкестігі тексерілген. Ол сабақтарға қатысып, оқытушылардан сын-ескертулер алып, бағаларға ие бола алады.

Бұл факультет цифрлық өнердің шекарасын кеңейтуге бағытталғандықтан, мені ерекше қызықтырады, — деп мәлімдеді Флинн қабылдау комиссиясымен сұхбат кезінде.

Оқу орнының басшылығы атап өткендей, студенттің адам болуы міндет екенін анықтайтын жазбаша ереже болмағандықтан, Флиннді қабылдауға еш кедергі болмаған.

Айта кетейік, бұған дейін жасанды интеллект бір ғана демалыс күнінде супербактериялардың бір түрі өзгелерін қалай жұқтыратынын анықтап, адамзат 10 жылда шешкен мәселені небәрі екі күнде шешкен болатын.

Тэгтер:

жасанды интеллект оқу университет Аустрия ЖИ Вена университеті