Қонаевта микроқаржы ұйымы заң бұзғаны үшін лицензиясынан айырылды

8 сәуір, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қонаев қаласындағы «Profit Орталық» микроқаржы ұйымы заң бұзушылықтардың орын алуына байланысты лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Хабарламада көрсетілгендей, лицензиядан айыруға Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілері мен қолданыстағы заңдардың талаптарын жүйелі түрде бұзу себеп болды.

«Енді аталған ұйымға 30 күн ішінде өз атауынан «микроқаржы ұйымы» сөздерін және микрокредиттер ұсынатынын білдіретін сөздер мен аббревиатураларды алып тастап, қайта тіркеуден өту немесе ұйымды қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдау міндеттелген», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ұйымның клиенттері жасалған шарттар негізінде берілген микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындауға міндетті.