Венесуэлаға қатысты қарар қабылданды
Венесуэлаға қатысты қарар қабылданды
Өткен аптада Венесуэла Жоғарғы соты ел парламентін таратып, оның құзыретін өзі алатынын мәлімдеген. Бұл ел ішінде наразылық туғызып қана қоймай, 34 мемлекетті біріктіретін аймақтық ұйымның шұғыл отырыс өткізуіне себеп болған.
Америкалық мемлекеттер ұйымының тұрақты кеңесі Венесуэладағы саяси дағдарысқа қатысты қарар қабылдап, Каракастың әрекетін сынға алды. Жиынға қатысқан 21 елдің 17-сі қарарды қолдап, дауыс берді. Құжатқа сәйкес ұйымға мүше елдер президент Николас Мадуродан ұлттық ассамблеяның құзыретін қайта қалпына келтіруді талап еткен.
Луис Альмагро, Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы:
- Заңды және конституциялық тұрғыдан алғанда, бұл Венесуэлаға кері әсерін тигізеді. Сондықтан ұйым демократияны қалпына келтіруді талап етіп, осы қарарды қабылдап отыр. Бірақ еш мемлекет ұйым ниетіне шүбә келтірмеуі тиіс. Аймақтағы мемлекеттер Венесуэладағы дағдарыстың тез шешілуін қалайды.