Ысталған скумбрия өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін: Балықтың қауіпсіз екенін қалай тексеруге болады?

7 сәуір, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Кешкі асқа ысталған балық жеуді қош көретіндер көп. Дегенмен, бұл инфекцияға шалдықтыруы, тіпті қайғылы жағдайға апарып соғуы ғажап емес. Ысталған скумбрия неліктен қауіпті?

Скумбрия – омега-3 май қышқылдарына бай балық. Бар-жоғы 30 граммы күніне қажетті норманы толық қамтамасыз ете алады. Оның үстіне, суық тәсілмен ысталған түрі пайдалырақ, өйткені ол +35°C-тан аспайтын температурада дайындалады.

Негізінен, балықты алдымен сұйық түтінге (арнайы сірке суы) малып, содан кейін белгілі бір ағаш түрінен жасалған жаңқада арнайы температурада баяу ыстайды. Бірақ ыстау кезінде барлық паразит жойыла бермейді. Егер шикізат сапасыз болса, улану қаупі жоғары. Мамандар күніне 100 граммнан артық скумбрия тұтынбауға кеңес береді.

Балықтың қауіпсіз екенін қалай білуге болады?

1. Сыртына қарап:
Базар мен онлайн дүкеннен алынған балықтар көбіне ішек-қарыны тазартылмаған күйінде сатылады. Мұндай балықтардан инфекция тарау қаупі де жоғары. Өйткені ішкі құрылыстарында балықтың соңғы жеген жемі мен ащы дәм беретін өт болуы мүмкін. Тағы бір маңызды белгі – балықтың түсі. Сапалы ысталған балықтың түсі табиғи сақталады.

2. Сүйектеріне қарап:
Сапалы скумбрияның сүйектері оңай бөлінеді және етінен өздігінен ажырайды.

3. Сутек асқын тотығымен (перекись водорода) реакциясы:
Егер балықта тірі бактериялар болса, сутек асқын тотығына тигенде көпіршіп, шыпылдайды. Бұл олардың ішінде зиянды микроағзалардың көп екенін білдіреді.

Мамандардың айтуынша, ішек-қарыны тазаланған, түсі табиғи сақталған балықты таңдаған жөн. Қолдан келгенше, балықты базардан немесе интернет арқылы емес, сенімді супермаркеттерден сатып алу ұсынылады. Себебі сапасыз өнімге тап болу қаупі дәл осы сауда орындарында жиі кездеседі.

Тэгтер:

балық қауіп скумбрия қауіпсіз балық тұтыну балық тазалау балықтың қаупі