Жалғыз адамдар жиірек ауырады – зерттеу

7 сәуір, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жаңа зерттеу нәтижелері жалғыздық пен әлеуметтік оқшауланудың адам денсаулығына айтарлықтай әсер ететінін тағы да дәлелдеді. Данияда жүргізілген ірі ұлттық зерттеу әлеуметтік қолдаудан айырылған адамдардың 11 түрлі медициналық ауруға шалдығу ықтималдығы жоғары екенін көрсетті. Бұл туралы Epidemiology and Psychiatric Sciences журналында жарияланды.

Зерттеуге сәйкес, жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану тек адамның көңіл-күйі мен психикалық жай-күйіне емес, сонымен қатар денсаулығына да кері әсер етеді. Ең жоғары қауіп психикалық аурулармен байланысты, мұндай диагноздар әлеуметтік байланысы аз адамдарда 2.63 есе жиі кездеседі.

“Дертті адам көмекке мұқтаж. Ал егер ол әлеуметтік қолдаудан айырылса, дертпен күресу әлдеқайда қиынға соғады”, – делінген зерттеуде.

Зерттеуде 162,604 қатысушының деректері талданды. Олар 2013 және 2017 жылдардағы Дания Ұлттық денсаулық сауалнамасына қатысқан. Әлеуметтік байланыс үш көрсеткіш бойынша бағаланды: жалғыздық (Three-Item Loneliness Scale), әлеуметтік оқшаулану, және эмоциялық қолдаудың жетіспеуі ("Сізге көмектесе алатын, сыр бөлісе алатын біреу бар ма?" деген сұрақ арқылы).

Зерттеу авторлары бұл деректерді елдің медициналық тіркеулерімен байланыстырып, келесі 11 ауру санатына талдау жасады:

  1. Психикалық бұзылулар
  2. Деменция
  3. Жүрек-қан тамыр аурулары
  4. Эндокриндік (гормондық) бұзылулар
  5. Тыныс алу жолдарының аурулары
  6. Асқазан-ішек аурулары
  7. Зәр шығару жүйесінің аурулары
  8. Бұлшықет-қаңқа жүйесінің бұзылыстары
  9. Қан аурулары
  10. Жүйке жүйесі аурулары
  11. Онкологиялық аурулар

Зерттеу нәтижесінде жалғыздық барлық ауру түрлері бойынша қауіп факторларының ішіндегі ең күштісі екені анықталды. Бұл көрсеткіш әлеуметтік оқшаулану мен қолдаудың жетіспеушілігінен де жоғары. Сонымен қатар, зерттеу жалғыз адамдарда депрессия, деменция, жүрек аурулары мен бұлшықет проблемалары жиі кездесетінін көрсетті.

Қызығы, кейбір жағдайларда әлеуметтік оқшаулану басқа аурулармен (мысалы, неврологиялық) кері байланыс көрсетті. Бұл фактор барлық ауру санаттарында бірдей қауіп тудырмайтынын көрсетеді.

Авторлар бұл зерттеу себеп-салдарлық байланысты дәлелдемейтінін, тек байланысты көрсететінін ескертеді. Мысалы, жалғыздықтың ауруға әкелуі мүмкін болғандай, керісінше ауру адамның жалғыз қалып қоюы да ықтимал.

“Біздің жұмысымыз әлеуметтік оқшаулану мен жалғыздықтың тек психикалық емес, сонымен қатар физикалық ауруларға әсер ететінін кеңінен көрсетеді. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау саласы үшін маңызды белгі”, – дейді жетекші автор Лисбет Мёлгаард Лаустсен.

Тэгтер:

денсаулық зерттеу жалғыздық жалғыз