«Кездесе алмағаным ойымнан кетпеді»: Димаш маңғыстаулық әженің сыйлығын алды

Бүгін, 08:13 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Белгілі әнші Димаш Құдайберген 87 жастағы маңғыстаулық қолөнер шеберімен кездесіп, өзіне арнап жасаған шашақты алды, деп хабарлайды turkystan.kz Ақтау әкімдігіне сілтеме жасап.

Шархат Төлемісова Димаш Құдайбергенге арнап жасаған шашағын табыстау үшін "Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы" мерекелік шарасының ашылу салтанатына арнайы келіп, 2 күн бойы қатысты.

"Біз - қазақпыз. Қазақтың кішкентай қызы болып өстік, қазір ана болдық, ауылдың данасымыз. Димаш – өзіміздің баламыз. Ақтауға келеді дегенді естіген соң, “неге бір тал шашақ байламасқа?” деп ойладым. Сондықтан кездесіп, домбырасына өз қолыммен тағуды жөн санадым", – деді қарт ана.

Димаш Құдайберген ақ тілеулі анамен арнайы кездесіп, өзіне арнаған шашақты алды.

"Әлеуметтік желіден әжеміздің маған арнайы шашақ жасағанын оқып білдім. Кеше концерттен соң әжемізбен кездесе алмағаным ойымнан кетпеді. Бүгін ағаларыма айтып, арнайы кездесіп отырған жәйім бар”, - деген Димаш әженің қасына еріп келген 10 жасар шөбересіне алқасы мен жүзігін сыйға тартты.

“Елдің де, ердің де тілеуін тілеп отырған ана болғандықтан, қазақты әлемге танытып жүрген осы балама арнайы шашақ жасап, оны тапсыру арманым еді”, - деген шеберқол ана Димашқа ақ батасын берді.