Әлем елдері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әртүрлі шаралар қабылдауда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған мәлімет бойынша әлем халқының шамамен 15 пайызы ерекше қажеттілігі бар жандар қатарына жатады екен. Яғни, Жер шарындағы 1,2 млрд адамның мүмкіндігі шектеулі деген сөз.
Аталған ұйымның деректеріне сәйкес, мүгедектігі бар балалар әлемдегі балалардың 2-3 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш мүгедектігі бар адамдардың басым көпшілігі ересектер екенін көрсетеді. Мәселен, Қытайда халық саны шамамен 1,4 миллиард адам болғандықтан, мүгедектігі бар адамдардың саны шамамен 210 миллион. Үндістанның халық саны шамамен 1,3 миллиард адам болса, мүгедектігі бар адамдардың саны шамамен 195 миллион. Ал АҚШ-тың халық саны шамамен 331 миллион адам, мүгедектігі бар адамдардың саны шамамен 50 миллионға жуық. Алайда бұл сандар болжамды екенін ескеруіміз керек, себебі әр елдегі мүгедектікті анықтау критерийлері, есептеу әдістері және деректердің дәлдігі әртүрлі.
Әлем елдері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әртүрлі шаралар қабылдауда. Бұл шаралар заңнамалық актілерден бастап, әлеуметтік қолдау бағдарламалары мен инклюзивті саясаттарға дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Халықаралық деңгейде БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы (CRPD) бар: 185-тен астам ел ратифи-кациялаған бұл конвенция мүгедектігі бар адамдардың қоғамға толыққанды қатысуын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Конвенцияда мүгедектігі бар адамдардың азаматтық, мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік құқықтарын қорғау стандарттары белгіленген.
БҰҰ-ның Мүгедектікке қатысты инклюзия стратегиясы мүгедектігі бар адамдарды қоғамға толыққанды қосу және олардың құқықтарын барлық бағдарламалар мен саясаттарда ескерудің негізі.
Әр елдің мүгедектігі бар адамдарға арналған саясаты мен бағдарламалары әртүрлі болғанымен, жалпы үрдіс олардың құқықтарын қорғау және қоғамға толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағытта халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу маңызды рөл атқарады.
Айта кету керек, әлемдегі мүгедектігі бар адамдардың шамамен 80 пайызы дамушы елдерде тұрады. Бұл көрсеткіш мүгедектігі бар адамдарды қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелерінің дамушы елдер үшін ерекше өзекті екенін көрсетеді.
А.ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ