Елдік стратегия талқыланды

21 наурыз, 2025 / Túrkіstan International Political Weekly

Елдік ынтымақтастық стратегиясына қол қою Астанада ДДҰ Еуропалық өңірлік бюро­сының директоры Ханс Клюге мыр­заның қатысуымен ТМҰ-ға қатысушы ел­дер­дің денсаулық сақтау министрлерінің 5-кездесуі шеңберінде өтеді деп жос­пар­ланған. 

Осы аптада Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақ­стан­ның 2030 жылға дейінгі ынтымақтастығы стратегиясының жобасын талқылады.

Маңызды құжатты талқылауға ми­нистр Ақмарал Әлназарова, ДДҰ-ның Қа­зақ­стандағы Тұрақты Өкілі Скендер Сыла, ДДҰ-ның Алматы қаласындағы МСАК жө­ніндегі Еуропалық орталығының бас­шы­сы Мелита Якаб және ДДҰ Қоғамдық ден­саулық сақтау бағдарламаларының ұлт­тық үйлестірушісі Лаура Өтемісова қа­тысты.
Елдік стратегия ДДҰ-ның және Еу­ро­палық орталықтың жұмыс бағдарламасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы нә­ти­желерді жақсартуды және жүйелерін ны­ғайтуды қамтамасыз ете отырып, Қа­зақстанның денсаулық сақтау саясаты мен даму мақсаттарын қолдау үшін әзірленген.
Министр Ақмарал Әлназарова бұған дейін ДДҰ-ның 2028 жылға дейінгі XIV жал­пы жұмыс бағдарламасының шең­берін­де алты стратегиялық басымдық ке­лі­сілгенін атап өтті. Олар климаттың өз­геруі­не ден қою шараларына, денсау­лық­тың бұзылуының негізгі себептеріне, МСАК-тың прогрессивті тәсілдерін ілге­рі­летуге, денсаулық сақтау және қаржылық қор­ғау қызметтерімен қамтуды кеңейтуге, ден­саулық үшін қауіптерді азайтуға, ден­сау­лық сақтау саласындағы төтенше жағ­дайларға ден қою шараларына қатысты.
– Денсаулық сақтау инфрақұрылымы сапа­лы медициналық қызмет көрсетудің не­гізгі элементі және төтенше жағдайларға дайын­дық пен жауап берудің негізі са­на­лады. Сондықтан пандемия кезінде жи­нақ­­таған тәжірибені негізгі инф­ра­құры­лым­ды тұрақты түрде жақсарту үшін қол­дану өте маңызды, – деді Қазақстандағы ДДҰ өкілі, доктор Скендер Сыла.
Ұсынылған стратегияда одан әрі ын­ты­мақтастықтың негізі ретінде семіздік пен тамақтану проблемаларына қарсы кү­рес жөніндегі бағдарламаларды кеңейту, ден­саулық сақтау қызметтерін цифрлан­дыру­ды ілгерілету, аналар мен жаңа туған нәрес­телер үшін медициналық көмекке қолжетімділікті жақсарту сияқты бағыт­тар алынды.
Кездесу барысында тараптар белсенді пікір алмасып, ұсыныстарды тыңдап, бірлескен күш-жігермен құжаттың соңғы нұсқасын бекітуге келісті.
Елдік ынтымақтастық стратегиясына қол қою Астанада ДДҰ Еуропалық өңірлік бюро­сының директоры Ханс Клюге мыр­заның қатысуымен ТМҰ-ға қатысушы ел­дер­дің денсаулық сақтау министрлерінің 5-кездесуі шеңберінде өтеді деп жос­пар­ланған. 

А.Жолдасбекқызы
 

Тэгтер:

Стратегия ынтымақтастық