Нұрсұлтан Назарбаев Ресей халқына көңіл айтты
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей халқына көңіл айтты
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербург қаласындағы терактіден жазықсыз адамдарың қаза табуына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге жеделхат жолдап, Ресей халқына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті Санкт-Петербург қаласы метросындағы жарылыс салдарынан адамдардың қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Бұл оқиға қабырғамызды қайыстырды, Ресей Федерациясы халқының ауыр қайғысына ортақпыз», - делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы қаза болғандардың туыстары мен жақындарына барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Санкт-Петербург әкімшілігі метрода болған жарылыстан кейін сейсенбіден бастап үш тәулік қаралы күн жариялады. Бұл туралы қала губернаторының баспасөз хатшысы Андрей Кибитов Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
«Санкт-Петербург губернаторы Георгий Полтавченконың үкімімен ертеңнен бастап қалада үш тәулік қаралы күн жарияланады», - деді ол.
Бұған дейін журналистерге РФ Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Вероника Скворцова хабарлағандай, ресми дерек бойынша жарылыстан 47 адам жарақат алып, оның 10-ы қаза тапты.