Қырғыздың абақтыда жатқан экс-депутаты ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді
Қырғыздың абақтыда жатқан экс-депутаты ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді
Қырғызстан Мемлекеттік жазаны өтеу қызметі таратқан мәлімет бойынша, 2 сәуірде таңғы сағат 05:00 шамасында №1 тергеу абақтысына дәрігерлер шақыртылған. Олар бұрынғы депутат Садыр Жапаровтың қолы мен мойнындағы тамырлар кесілгенін көріп, орталық түрме ауруханасына жеткізген. Бұл туралфы Орталық Азияның жаңалықтар қызметі хабарлады.
Жазаны өтеу қызметінің баспасөз хатшысы Александр Никсдорфтың айтуынша, Жапаров тергеу абақтысы басшылығына немесе камераластарына шағымданбаған. “Сағат 07:00-де Жапаровты орталық түрме ауруханасына жеткізді. Сол жерде оған операция жасалды. Қазір жеке палатада жатыр. Жағдайы жаман емес. Дәрігерлер қан қысымы бірқалыпты екенін айтты", - деді Никсдорф.
Оның айтуынша, Жапаровпен адвокаттар, Арнайы прокуратура өкілдері және Омбудсмен институтының қызметкерлері кездескен. “Жапаров оларға денесін өзі жарақаттағанын айтқан. Тергеу абақтысы қызметкерлеріне шағымы жоқ, ол туыстарының босатылғанын ғана сұрайды", - деді Никсдорф.
Бірақ экс-депутаттың туыстары оның күре тамырын өзі кесті дегенге сенбейді. Олар тәуелсіз тергеу жүргізілгенін талап етеді, сол үшін прокуратура мен Азаптауды болдырмау ұлттық орталығына хабарласуды көздеп отыр.
Үш жыл бұрын елден кеткен Садыр Жапаров биыл 25 наурызда Қырғызстанға оралды. Оны қырғыз-қазақ шекарасында арнайы қызмет ұстады. Жапаровты 2013 жылы Қаракөлдегі наразылық акциясына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеді.