Жаңалықтар

Бірыңғай уақыт белдеуі: Үкімет зерттеу нәтижесін жариялады

istockphoto.com

Зерттеу жүргізу әдістемесі бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің халық денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол-көлік оқиғалары деңгейіне, қылмысқа және басқа да аспектілерге әсерін бағалау бойынша 40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтиды.

Үкімет отырысында уақыт белдеуі мәселесіне назар аударылды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халық денсаулығына әсеріне қатысты жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы баяндады.

Ол Мәжілістің AMANAT фракциясындағы талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар қоғамдастықты, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен мүдделі тұлғаларды тарта отырып, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халықтың денсаулығына, энергия тұтынуына және еңбек өнімділігіне әсеріне мониторинг жүргізілгенін атап өтті.

Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері және бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқанға дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтитын кешенді тәсіл қолданылды. Зерттеу жүргізу әдістемесі бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің халық денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол-көлік оқиғалары деңгейіне, қылмысқа және басқа да аспектілерге әсерін бағалау бойынша 40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтиды.

«Денсаулық сақтау саласы бойынша 100 мың адамға есептелген қала және ауыл тұрғындарымен қатар түрлі жастағы азаматтар қамтылды. Энергия тұтыну бойынша электр энергиясын тұтыну статистикасын, оның ішінде ең жоғары жүктемелерді және бүкіл ел бойынша электр энергиясын тұтынуға салыстыру жүргізілді. Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу және сабаққа келмеу жағдайлары, жарақаттар мен тәртіп бұзу жағдайлары қамтылған. Нәтижелер бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері жоқ екенін көрсетеді», — деп түсіндірді Арман Шаққалиев.

«Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке аталған мәселені егжей-тегжейлі қарап, бірлесіп оңтайлы шешім қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Министрдің баяндамасында айтылғандай, мониторинг бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері жоқ екенін көрсетті»,— деп атап өткен Олжас Бектенов Парламент Мәжілісімен бірлесіп, тиісті жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.