АҚШ апелляциялық соты Храпуновқа қарсы істе Қазақстан ұстанымын қолдады
АҚШ апелляциялық соты Храпуновқа қарсы істе Қазақстан ұстанымын қолдады
АҚШ-тың Калифорниядағы Федералды апелляциялық соты Храпуновқа қарсы істе Қазақстан Республикасының ұстанымын қолдады. Бұл жайында ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Олжас Рамазанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Рамазанов таратқан ақпаратта 2014 жылы Алматы қаласының әкімдігі Калифорния (АҚШ) штатының сотына қаланың бұрынғы әкіміне, оның отбасы мүшелері мен олардың АҚШ-та және басқа да елдерде тіркелген жалған компанияларына қарсы талап арыз берген болатын. «Талап арыз Ұйымдасқан қылмыспен және жемқорлықпен күрес туралы заңнаманы, Алматы қаласы тұрғындарының жайлы өмірін қамтамасыз етудегі өз міндеттемелерін бұзу, өзгенің мүлкін заңсыз иелену және аталған мақсатта қылмыстық ымыраға баруды қамтитын сотқа арыз берушілердің құқығын қорғау туралы алты талаптан тұрады. Храпуновтар және олардың жалған компаниялары Алматы қаласы бюджетінен ұрланған қаржыны пайдалана отырып, Калифорниядан жылжымайтын мүлік нысандарын, қымбат автомобильдерді меншікке сатып алған», - деді министрліктің ресми өкілі. Оның сөзіне қарағанда, Алматы қаласының арызын Калифорния штатының аймақтық соты қабылдамаған. Сот аталған істің мән-жайын анықтауда АҚШ қолайлы орын саналмайтындығы туралы қорытынды шығарған. Осыдан кейін Алматы қаласының әкімдігі мен еліміздің Әділет министрлігі Калифорния штатының апелляциялық сотына наразылық жолдаған. Екінші сатыдағы сот Қазақстан Республикасының өтінішхатын қолдап, төменгі сатыдағы Аймақтық соттың шешімін жойған. «Қазақстан Республикасы АҚШ сотын өз ұстанымының дұрыстығына көз жеткіздірді. Бұл шешім жемқорлықпен күрестегі табанды жұмыстардың нәтижесі саналады. Ендігі уақытта Алматы қаласының Храпуновқа қарсы талап арызы Калифорния штатының сотында қаралатын болады. Әділет министрлігі үйлестіру жұмыстарын атқарады. АҚШ-тағы заңгерлік кеңесші - Latham&Watkins LLP фирмасы», - деп жазды Олжас Рамазанов.