Павлодарда 55 жастағы әйел адам 19 литр сұйықтығы бар алып кистамен өмір сүріп келген
Ота 2,5 сағат уақытқа созылды
Павлодар облысында әйел адам 19 литр сұйықтығы бар үлкен кистамен өмір сүріп келген. Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлайды.
Дәрігер 2,5 сағат ота жасаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында гинеколог дәрігерлер көлемі 19 литр сұйықтығы бар үлкен кистаны сәтті алып тастады.
«55 жастағы пациент іш қуысы мен жамбастағы көлемді ісікке байланысты жоспарлы операция жасау үшін ауруханаға жіберілді. Операция 2,5 сағатқа созылды, оның барысында 19 литр сұйықтық алынды», – деді басқарма.
Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтіп жатыр. Науқастың жағдайы қалыпты. Ол ауруханада тағы бір апта болады деп күтіліп отыр. Бақылау талдаулардан кейін дәрігерлер оны шығару туралы шешім қабылдай алады.
Аурухананың медициналық ұжымы бұл операция мекемедегі жоғары білікті мамандар және қолданылып жүрген заманауи жабдықтардың арқасында мүмкін болғанын атап көрсетті.